Нидерландыдан келген жолбарыстар 21 күн карантинде болады
Балқаштың бойын жолбарыс мекендейді. Нидерланды елінен жеткізілген қос жыртқыш резерватқа жеткізілді, деп хабарлайды 24kz.
Бұрын да қамысты, нулы алқаптарды шарлаған жолбарыстар болған. Тек жойылып кеткен. Ендігі мақсат – осы олқылықтың орнын толтыру. Резерватқа бұған дейін де жабайы жануарлар әкелінген. «Бұл жұмыстар жалғаса береді», - дейді мамандар
Дүниежүзінде жолбарыстарды қорғау жобасы 2010 жылы басталды. Қазақстан да бұл бағдарламаға қосылған. Үкімет ел аумағында Тұран жолбарысын қайта көбейту туралы шешім қабылдайды. Бұл жолда түрлі ғылыми шаралар жүзеге асты. 2018 жылы арнайы Іле-Балқаш резерваты дайындалса, бүгінде міне, Нидерландыдан амур жолбарыстары алынды.
Асқар Абдрахманов, ҚР ЭТРМ ОШЖӘК Жануарлар әлемі басқармасының басшысы:
- Екі жолбарыс Голландиядан әкелінді. Ұшақпен осында алып келді. 21 күн карантинде болады. Карантин біткеннен кейін бұл жолбарыстарды үлкен барьер ішіне кіргіземіз. Ол үлкен барьер аумағы шамамен 10 гектардай болады. Содан кейін осы екі жолбарыстан пайда болған күшіктерді 1,5-2 жасында табиғатқа шығару жоспарланып отыр.
Өткен ғасырда елде жойылып кеткен Тұран жолбарыстарын қайта қоныстандыру үшін генетикалық тұрғыда ұқсас Амур жолбарыстары таңдалды. «Олардың Қазақстанға табан тіреуі тарихи оқиға», - дейді сала мамандары.
Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
- Егер тарихқа сүйенсек, жалпы біздің өңірімізде мынау Іле өзені мен Сыр өзенінің жағасында тоғайларда, сосын мынау қамыс жерлерде осы тұран жолбарысы өткен ғасырдың 40 жылдарына дейін болған. Өкінішке қарай, сол жылдары осы жолбарысымыз жоғалып кетті. Бүгін міне, осы 7 жыл іске асырған үлкен бағдарламаның арқасында осы алғашқы 2 жолбарыс келіп отыр.
Қазақстандағы жолбарыс популяциясын жандандыру үшін бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ең алдымен экожүйені қалыпқа келтіріп, қоректік базаны күшейту қажет. Ол үшін жабайы тұяқтылар әкелініп, аңдардың өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастырыла бастаған.
Айман Омарбекова, Қазақстандағы БҰҰДБ жобасының сарапшысы:
- 2021 жылдан бастап Іле-Балқаш резерватына Алтынемел ұлттық саябағынан құландар қоныстандырыла бастады. Алғаш рет 60 бас әкелінсе, қыркүйектің соңында тағы 35 бас жеткізіледі. Сол секілді қазір резерватта су ұңғымалары қазылып жатыр. 4 құдық қалыпқа келтірілді.
Сол секілді резерват қызметкерлердің әлеуетін арттыру, жергілікті халықты ақпараттандыру секілді жұмыстарға көп көңіл бөлінген. «Себебі жолбарыстардың Қазақстанға оралуы – бұл экологиялық маңызды жоба ғана емес, сонымен қатар табиғи мұраны қалпына келтірудегі ерік-жігеріміздің символы», - дейді мамандар.