Атмосферадағы метанның мөлшері өсті

Ауаға бөлінетін парниктік газ – метанның мөлшері кейінгі 800 жылда болмаған ең жоғары деңгейге жетті.

Бұл климаттың өзгеруімен күресті күшейтіп әлек боп жатқан әлем елдерінің жетістіктерін жоққа шығарып отыр. Әсіресе Азияда газдың концентрациясы күрт артып кеткен.

Осыдан 3 жыл бұрын БҰҰ-ның климат конференциясында 100-ден аса мемлекет өкілдері «Метан бойынша жаһандық міндеттемеге» қол қойды. Соған сәйкес 2020 жылмен салыстырғанда 2030жылға таман бұл газдың мөлшерін 30%-ке азайтуға келіскен. Бірақ іс жүзінде бәрі басқаша сияқты. Өйткені атмосферадағы парниктік газдың мөлшері, керісінше, артып барады. Ол Еуропадан басқа барлық жерде байқалып отыр. Әсіресе Азияда, соның ішінде Үндістан мен Қытайдағы жағай қиын. Мұны халықаралық ғалымдар тобының жүргізген зерттеу нәтижесі көрсетіп отыр.

Роб Джексон, жаһандық көміртек жобасының жетекшісі:

- Климаттың өзгеруіне себепші парниктік газдардың құрамы бойынша бірінші орында көмірқышқыл газы тұр. Екінші орында – метан. Көмірқышқыл газы атмосферада мыңдаған жыл бойы сақталса, метан 10 жылдан кейін жоғалып кетеді. Демек күш салсақ, 10 не 20 жылдан соң климаттың өзгеруімен күрестегі жағдайды өзгертуіміз әбден мүмкін.

Метан – күшті парниктік газ. Ол табиғатта сулы-батпақты алқаптардан бөлінеді. Бұдан бөлек, адамның әрекеті салдарынан ауыл шаруашылығы мен қоқыс полигондарында, сонымен қоса қазбалы отынды пайдалану кезінде де атмосферадағы мөлшері артады. 2000 жылдардың басында біраз уақыт оның ауадағы концентрациясы тұрақты деңгейде сақталып тұрған. Ғалымдар енді содан кейін азая ма десе, кейінгі 20 жылда керісінше айтарлықтай артып кеткен. Мысалы, 2020 жылы 670 миллион тоннасы бөлінген. Бұл 2000 жылмен салыстырғанда 12%-ке көп.

Роб Джексон, жаһандық көміртек жобасының жетекшісі:

- Атмосферадағы метан мөлшерінің үштен екісі, демек шамамен 65%-і адамдардың іс-әрекетімен байланысты. 2000 жылдардың басында көрсеткіш 60%-тен аспайтын. Көріп отырғандай, бәріне өзіміз кінәліміз.

«Метан бойынша жаһандық міндеттемеден» бөлек, 9 жыл бұрын 200-ге жуық мемлекет өкілдерінің Париж келісіміне қол қойғаны белгілі. Соған сәйкес индустрияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда ғасыр соңына таман жаһандық температураның өсімін 1,5 градустан асырмау керек еді. «Бірақ мына түрімізбен көрсеткіштің 3 градустан асып кететін түрі бар», – дейді ғалымдар.  

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Райхан Серикова.