Елде 21 қалдық сұрыптау желісі ашылады

Алдағы үш жылда 21 қалдық сұрыптау желісі ашылады, деп хабарлайды 24KZ.

Сол арқылы қайта өңделген сапалы шикізат санын арттыру көзделіп отыр. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, қазір елімізде 50-ге жуық пластикті қайта өңдейтін кәсіпорын бар. Дегенмен бұл жеткіліксіз. «Сондықтан саладағы мәселені шешу үшін ірі жобаларды іске асыру керек», – дейді мамандар.

Астаналық Алтай Рысбаев немерелеріне түрлі тәттілер сатып алып береді. Кейін оның бәрі қоқыстан табылады. Мұндай кезде қалдықтарды жинап, арнайы қайталама шикізатты қабылдау пунктіне өткізеді. Келісіне қарай ақшасын да алады екен.

Алтай Рысбаев, қала тұрғыны:

- Немерелерім бар, оларға сок алып беремін, тәтті анау-мынау алып береміз. Сонда қоқыстың бәрін далаға шашқанша мынадай жерге тиімді деп ойлаймын өткізген. Әр айда әрқалай, ішкенімізге, жинағанымызға байланысты. Далаға тастамаймыз бастысы, қаламыз таза болсын деп.

Елордада осындай тағы 5 қабылдау пункті бар. Онда полиэтилен, пластик, картон, шыны ыдыс пен макулатура өткізуге болады. Мұнда әсіресе полиэтилен қалдықтары бағаланады. Ал қабылданған барлық шикізат арнайы пластик немесе жалпы қоқысты қайта өңдеу зауыттарына жіберіледі.

Ішкен асымыз бен пайдаланған затымыздан қалдық қалуы мүмкін. Бұл сәтте оны кәдеге жарату маңызды. Елдегі қоқыс қалдықтары арнайы зауыттарда өңделеді. Мәселен мына зауытта пластик қалдықтары, яғни пакет, жәшік және канистр өңделіп, одан пайдалы дүние жасап шығарылады.

Зауыттың өндіріс қуаты – айына 60 тонна. Мұндағы мамандар пластик қалдықтарды өңдеу арқылы қоқыс салатын урналар мен тынығуға арналған орындықтар жасап шығарады. Олар жергілікті әкімдіктің сұранысына сәйкес дайындалады. Бұдан бөлек, зауыт дайын өнімді еліміздегі ірі құрылыс компанияларына сатады екен.

Нұрбақыт Елеусізов, зауыттың аға операторы:

- Бір күннің өзінде 2-3 тонна қалдық кетіп қалады, құммен қосқанда 2-3 тонна шығарамыз. Бір айда біз 100-ден көп өнім жасаймыз, «скамейканың» неше түрі бар. Егер тапсырыс болса, одан да көп жасаймыз. Өндірістің ең негізі пешке қарайды. Ол тоқтап қалса, бәріміз тоқтап қаламыз.

Сергей Мищенко, пластикті қайта өңдеу зауытының директоры:

- Біз өңдеген заттың кепілдігіне шектеу жоқ. Ұзақ жылдар бойы түрін де, түсін де, сапасын да жоғалтпайды. Қолайсыз ауа райына қарамастан тұра береді. Астана қаласының әкімдігімен келісім бар. Олар қажетті өнімге тапсырыс береді. Біз оны қабылдап, тиісті өнімді жасап шығарамыз.

Қазір Экология және табиғи ресурстар министрлігі жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, 94 жобаны іріктеп алды. Енді қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеу бағытына 232 миллиард теңге қаржы құю жоспарланып отыр. Оның 20%-і қазақстандық жеке инвесторлар есебінен болады. Осылайша, 21 қалдық сұрыптау желісі ашылады.

Абылай Алмұханов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі департаментінің басқарма басшысы:

- Бұл жобаларды жүзеге асырған жағдайда Қазақстандағы барлық облыс, өңірлердің, кем дегенде облыс орталықтарында сұрыптау желілері іске қосылады. Ол инвесторлардың құжаттарды тапсыруына байланысты, ақша алынған жағдайда. 2 жылдық кредиттік каникулдар бар, яғни инвестордың өзінің мотивациясы – ол 2 жыл кредит каникулы барысында құрылыс жұмыстарын аяқтау.

Жыл сайын елде шамамен 4,5 миллион тонна қалдық түзіледі. Оның 1 миллион тоннасы, яғни 24%-і ғана сұрыпталып, қайта өңледеледі. Демек шыны және пластик секілді қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі төмен деген сөз. Ал сапалы шикізатты алу үшін қайта өңдеуге дейінгі жұмыстарды реттеу қажет. Сондықтан елде алдағы уақытта жаңа сұрыптау желілерін ашу көзделді.

Авторлары: Альмира Оразбай, Ырыстанбек Оспанов.