Елімізде ақбас тырна көбейді – орнитологтар
Ел бойынша 528 құс түрі тіркелген. Солардың ішінде 57-і Қызыл кітапқа енген, деп хабарлайды 24kz.
Ал, Астана маңын мекен ететін құстың 174 түрі ресми тіркелген. Бірақ орнитологтар одан да көп, яғни, 200-дей түрі кездеседі дейді.
Мәселен елде қара бозторғай, ақ қанатты бозторғай, шабындық бозторғай секілді құстардың он шақты түрі бар екен.
Асантемір Қаршығаұлы, тілші:
- Күз келді, күн суытты. Құстар қайтып барады мекеніне. Жел тербеткен мына көлдің қамысы осылай әндетіп тұрғанға ұқсайды. Ал, балапанды күзде санайтын, құс тілін білетін орнитологтар Қазақстанда ақ бас тырнаның көптігін айтады.
Руслан Оразалиев, орнитолог:
- Бізде ақбас тырна деген бар. Қазақстанда ұялайды. Әлем бойынша ең көбі бізде кездеседі, сол ақ бас тырна. Жылы жаққа бара жатқанда қыстайтын мекені – Үндістан, Пәкістанда кездеседі. Сосын Араб елдеріне, сол жаққа барады.
Жылы жаққа қайтқан құстардың көбі Үндістанды мекендейді. Бір қызығы, біздің жерге де жылылық іздеп, солтүстік жағынан келетін құстар бар екен. Мұны орнитолог Руслан Оразалиев айтты.
Руслан Оразалиев, орнитолог:
- Бізде де қыстайтын құстар бар. Мысалы самұр деген құс, олар бізге Тайгадан ұшып келеді. Мысалға бізде Астанада олар желтоқсаннан наурыз айына дейін жүре береді. Тайга жақтан солтүстіктен көшіп келеді. Сондай құстарға біздер оңтүстік болып есептелеміз.
Құс қанатын қағып үлгергенше бояуды шашып жіберіп, құс бейнесін қағазға түсірген суретші Жеңіс Кәкенұлының қоржынында 500-ге тарта картина бар. Суретшінің айтуынша, бір-біріне ұқсамайды.
Жеңіс Кәкенұлы, суретші:
- Салынған құстардың бәрі жер шарында тоғыз мыңға жуық құстардың түрі бар дейтін болсақ, соның бірде-біреуіне ұқсамайтын жан дүниеден шыққан құстар. Көзін былай салайын, қанатын ұқсатайын дейтіндей алға ешқандай жоспар қойылған жоқ, өзімен өзі құйылып келді де тұрды.
Құс құмар қылқалам шебері картинаның көптігін айтса, орнитолог кей құс түрлерінің азайып бара жатқандығын айтады. Мамандардың пайымдауынша, қоқиқаз, ақбас үйрек, бір қазандардың қатары сирей түскен.
Авторлары: Асантемір Қаршығаұлы, Қанат Махмутов