Қостанай облысында 327 шағын саябақ абаттандырылды

Қостанай облысында «Таза Қазақстана» бағдарламасы аясында биыл 300-ден астам шағын саябақ абаттандырылды.

Осының арқасында облыс орталығындағы алаңқайлар көз қуантарлық жаңа көрікке ие болды. Соның бірі Арыстанбеков көшесіндегі шағын саябақ. Соңғы жылдары қараусыз қалған бұл жер тазартылып, тал-терек егіліп, жергілікті тұрғындардың жайлы демалыс орнына айналды.

Арыстанбеков көшесіндегі шағын саябақты тазартып, ағаш егуге мемлекеттік қызметшілер, коммуналдық сала жұмыскерлері жиналды. Игі істен сол маңдағы тұрғындар да қалыс қалған жоқ. Күрек ұстап, тал егіп жүргендердің арасында коньки тебуден әлем чемпионы Денис Кузинді байқадық.

Денис Кузин, қала тұрғыны:

- Мен ағаш егу, маңайды тазарту шараларына ұдайы қатысамын. Бұл әркімнің азаматтық парызы деп білем. Қоршаған ортаға құрметпен қарап, оның тазалығына көңіл бөлсек, туған өлкеміз көркейіп, ажарлана түседі. Еккен ағашыңның жайқалып, жапырақ жайғанын көргенде көңілің марқаяды. 

Шағын саябақта 50 шырша, 55 шетен ағашы егілді. Жаяу жүргінші жолы  төселіп, отырғыштар қойылды. Бұл аумақта сондай-ақ балалар және спорт алаңы, самалжай, шағын базар салынып, жарықшамдар орнатылады. Қазір қала бойынша күзгі ағаш егу жүріп жатыр.

Алтынбек Қайратұлы, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

- Биыл қала аумағында шамамен 3 мың 600 түрлі көшет егу жоспарланған. Бұл мақсатқа бюджеттен 240 миллион теңге бөлінді. Бар жұмыс ауқымын қарашаның 10-на дейін аяқтаймыз.

Биыл қала ішіндегі бірнеше саябақ қалпына келтірілді. Мысалы Тобыл өзені жағасындағы триатлон және Шағала саябақтары біртұтас аймақ болып жалғасып, жағажай жайлы демалыс орнына айналды. Орталық саябақта біршама жаңарып қалды. Облыс әкімінің тапсырмасымен биыл қараусыз қалған ашық жерлерді жаппай көгалдандыру жұмыстары қолға алынды.

Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:

- Президенттің ұсынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы Қостанай облысында белсенді жүзеге асырылуда. Жылдың басынан бері рұқсат етілмеген 185 қоқыс полигондары жиналды. 86 мыңнан аса ағаш отырғызылды облыс бойынша. Облыс бюджетінен мынау абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін 11 миллиард тенгеден аса қаражат бөлінді.

Келер жылдың да жоспары ауқымы. Қостанайда үлкен жастар саябағы ашылады. Барлық аула асфальтталып, балалар және спорт алаңдары салынады.

Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров