Таразда фосфогипс қалдығы қала сыртына төгіле бастады

Бұдан былай Тараздағы фосфор зауыты фосфогипс қалдығын қала сыртына шығарады, деп хабарлайды 24kz.

Кәсіпорын 60 жыл бойы өндірістік қалдықты шаһар маңындағы қос жинақтағышқа төгіп келген. Енді олар толып қалды.

«Әрі маңындағы тұрғындар тынысымыз тарылды», - деп көп шағымдануда. Мәселе қалай шешілді?

Мерей Бает, тілші:

- Тараздың кіреберісіндегі мына үйінділер – фосфогипс қалдығы. Көлемі 17 миллион тоннадан асқан. Кәсіпорын басшылығы осы жинақтағышты одан әрі пайдалана беру үшін рұқсат сұраған. Бірақ жауапты департамент шаһардан 25 шақырым қашықтан жер ұсынды. «Бұл экологиялық жағынан тиімді болғанымен зауыттың экономикалық ахуалына кері әсерін тигізіп жатыр», - дейді мекеме мамандары.

Арман Қарағалиев, зауыттың бас экологы:

- Біз мына екінші отвалды ұлғайтамыз деген жоспарымыз бар еді. Оны жоғары 30 метрге дейін көтереміз деген. Бірақ бізге мынау экология министрлігі рұқсат берген жоқ. Сондықтан біздің бар жоспарымыз қазіргі үшінші отвалға тасу болып жатыр. Автокөліктерге тасымалдауға қосымша ақша жаратып жатқанымыз бар.

Қала сыртындағы жинақтағыш 51 гектар жерді алып жатыр. Бір айдың ішінде мұнда 60 мың тонна химиялық қалдық төгілген. Жалпы алаң 12 жыл ішінде толады деп жоспарланған. «Сол себепті фосфогипсті қайта өңдеуді қолға алу керек», - дейді экологтар. Экология департаменті кәсіпорын қалдығын жою туралы жол картасын әзірлеген. Бірақ зауыт өкілдері: «Экологиялық салық төлейміз, талаптары тым күрделі», - деген желеумен сотқа жүгінген.

Темір Смағұлов, Экология департаменті басшысының орынбасары:

- 4,5 миллиард теңгеден сол ақшаны пайдаланып, экологиялық шараның бәрін қолдап бір зауыт салса. Сол зауытқа бәрін жіберсе. Мынау фосфогипстің барлығын басқа бір құрылыс заттарын шығарса, негзі сол пайдалы емес пе?! Салықтан босатылады, бұл заңда жазылған.

Химиялық минералдарды өндіретін зауыт өзінен шыққан қалдықтарға екі жыл бұрын рекультивация жасауы тиіс болған. Бірақ еш себепсіз жерді қайта құнарландыру жұмыстарын 2026 жылға қалдырыпты. Биыл фосфогипстің тек 170 мың тоннасы карьерлерге төгіліп, егістік жерлерге тыңайтқыш ретінде себілді. Тәулігіне 4 мың тонна қалдық шығаратын зауыт үшін бұл тым аз.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә