Қызылордада экологиялық акция аясында 21 мың тонна қоқыс шығарылды
Қызылордада «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғалы 550 мыңға жуық адам тазалық шарасына атсалысып, 21 мың тоннадан астам қоқыс шығарды, деп хабарлайды 24kz.
Бұл көрсеткіш күннен күнге арта бермек. Қоршаған ортаға бей-жай қарамайтын тұрғындар, жүйелі түрде игі шараға атсалысып келеді.
Қызылорда қаласындағы Ғани Мұратбаев көшесіндегі көпқабатты үй тұрғындары тазалық шарасына белсенді қатысты. Олар қоқыс жинап қана қоймай, ауладағы ойын алаңын әктеп, сырлады. Дәл осындай акция Абай даңғылы бойындағы үйлердің ауласында жалғасын тапты. Қызылордалықтар Батырхан Шөкенов атындағы және Президенттік саябақты да тазалауға атсалысты. Қураған шөп пен жапырақты жинап, жаяу жүргінші жолын сыпырып шықты.
Айдана Кәрібаева, қала тұрғыны:
- Аула тазалығын сақтау әрбіріміздің міндетіміз деп ойлаймын. Әрқашанда қаламызды тазалыққа шақырамын. Гүлдеріміз бар, суарып, шөптерін жұлып отырамыз.
«Тазалық – табалдырықтан басталады» деген қағиданы Сырдария ауданының Бесарық ауылының тұрғындары да айнымас қағида еткен. Бұл жолы да асай-мүсейін асынған ауылдықтар елді мекен ішіндегі арық-атыздар мен көше бойын тап-тұйнақтай етті.
Дәулет Сәрсенбаев, Бесарық ауылының әкімі:
- Күнделікті көшесін сыпыру, есік алдын тазалау, өз мекемелерін тазалау күрделі жүруде. «Таза Қазақстан – үлгілі ауыл» байқауында Бесарық ауылы бірінші орынды иеленді. Бізге екі техника берілді жүлдеге. Қазір сол екі техникамыз ауылда тазалыққа, осы ауылдың көркеюіне өз үлесін қосып жатыр.
Мамандардың айтуынша, облыста «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы басталғалы 550 мыңға жуық адам қатысқан. Олар бес жүзден астам саябақты, 225 тарихи ескерткішті, үш жүздей су айдыны мен 47 мыңнан астам аула мен көшені тазалап, 21360 тонна қоқыс шығарған. 130 мыңға жуық ағаш еккен.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байділдаев