Ақтауда Кіші Оймашы көлі тазартылды
Ақтауда экология және геология мамандығына оқып жатқан жүзге жуық студент кіші Оймашы көлі аумағын тұрмыстық қалдықтардан тазартты.
Дәстүрлі акция биыл «Таза Қазақстан» эко-науқаны аясында жалғасын тапты. Тазалық акциясына үкіметтік емес ұйым өкілдері де белсене атсалысты. Бірер сағатта алпыстан астам қапшық толы күл-қоқыс шығарып, жүк көлігімен қала сыртындағы полигонға жеткізді. Жоспарға сәйкес жылдың соңына дейін шаһар аумағында студенттердің қатысуымен бірнеше сенбілік өткізіледі. Бұған дейін коммуналдық мекеме жұмысшылары көл маңынан 25 тонна қоқыс шығарған.
Жансәуле Алтыбаева, "Экология және геология" кафедрасының аға оқытушысы:
- Кіші Оймашы аймағындағы қоқыс қазіргі таңда біздің өңіріміздегі басты мәселенің бірі болып отыр. Жылда ол жерде тазалық жұмыстары жүргізіледі. Біздер былтыр да бардық. Әрбір азамат тазалықты өз ауласынан бастауы керек. Яғни үйінен шыққан қоқыстарды арнайы орындарға тастау, осылай қоршаған ортаның тазалығына, абаттандыру жұмыстарына өз үлесін қосуы керек деп білеміз.