Биыл барлық фермерге су жетті ме?

Жалпы биылдыққа егінге бас-аяғы 11,2 млрд текше метр су жұмсалған.

Бұл жайында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді.

Дегенмен, бұл барлық шаруаның қажетін өтеуге жетті ме?

Қазақстандықтар жылына 22 млрд текше метрден астам су тұтынады. Оның дені, яғни 75 пайызы ауыл шаруашылығына жұмсалады. Сол себепті салада тіршілік көзінің тапшылығы күн тәртібінде. Дегенмен, биыл қажеттілікті толық өтедік дейді - жауапты министр. 

Цитата: Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:

Үкімет төтенше жағдай мен суармалы су тапшылығының алдын алды. Біз былтырғы тәжірибеден сабақ алып, фермерлерге суармалы судың үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз еттік. Су дипломатиясы да маңызды роль атқарды. Биыл Үкіметтің табысты келіссөздері арқасында елімізге Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан бастапқыда жоспарланған көлемнен де артық су жіберді. 

Суды тұтыну бойынша оңтүстік өңірлер көш бастайды. Мәселен, Қызылорда облысына 3,7 млрд, Түркістан өңіріне 3,4 млрд текше метр су берілген. Жетісу, Алматы облысының дихандары да 1 млрд текше метрден астам су жаратқан. Дегенмен, аймақтардағы ағайын жылдан жылға суармалы алқаптың көлемін қысқартуға мәжбүр. Тіпті, 2 млн-нан астам гектар жер су тапшылығының себебінен иегірілмей жатыр. 

СУДЫ ТҰТЫНУ КӨЛЕМІ

Қызылорда облысы - 3,7 млрд текше метр

Түркістан облысы - 3,4 млрд текше метр

Жетісу облысы - 1,37 млрд текше метр

Алматы облысы - 1,57 млрд текше метр

Әкпар Мәуленов, Қазақстан фермерлер қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары:

- Қазақстанда жалпы деректер бойынша 2 млн гектардай суармалы алқап бар. Бірақ түрлі себептермен оның 1,6-1,7 млн гектары ғана пайдаланылады. Оның негізгі себептері суды жеткізуге қатысы бар инфрақұрылымның көбісінің тозығы жеткен. Сол себептен суармалы алқаптың барлығы бірдей пайдаланылмайды. Екіншіден, судың тапшылығы да бар бұл жерде. Барлығымызға мәлім біз суды көрші елдерден аламыз. 

Тіршілік көзінің тапшылығына ең бірінші кезекте тозған инфрақұрылым себеп. Елде 405 су қоймасы болса, оның 60 пайызы ескірген. Кеңес кезеңінен бері қызмет етіп келе жатқан нысандары жеткілікте суды жиып алуға қолбайлау болып отыр.

Мұрат Бейсенов, ҚР СРИМ СУ Шаруашылығы ғимараттарын дамыту департаменті директорының орынбасары:

- Еліміз бойынша су қоймаларына келетін бослақ, қазіргі таңда 405 су қоймасы бар. оның 94-і республикалық меншікте, 272 коммуналдық меншікте, 39-ы жекешеде. Енді атап өту керек, біздің Қазақстандағы су шаруашылық құрылыс жайларының көбісі совет одағы кезінде салынған. Олардың енді пайдалану мерзімі 50-60 жылдан асып кеткен.  

Бұл тұста трансшекаралық өзендердегі түйткүлдің де бар екенін ескерген жөн. Еліміз тіршілік көзін тұтынуда шет мемлекттерге тәуелді. Мәселен,  қажеттің су қорының 44 пайызын көршілермізден аламыз.

Шернияз Жалғасбекұлы