«Ұзын Ата» кесенесінің аумағы тазаланды
«Таза Қазақстан» акциясы Түркістан облысының Шардара ауданында жалғасты.
10 ауылдық округтен 150-ге жуық адам аумағы атшаптырым болатын «Ұзын Ата» кесенесінің айналасында тазалық жұмыстарын жүргізді. Шараға ауданның ақсақалдары мен белсенді жастары, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен тұрғындар қатысты. Өткен аптада облыстағы 11 ауданның 25 елді мекенінде ауқымды сенбіліктер өткізіліп, нәтижесінде 28,2 тонна қоқыс шығарылды. Тазалық жұмыстарына 2 мыңнан астам тұрғын қатысып, 27 техника жұмылдырылды. Акция аясында аудан, қала әкімдіктерімен күзгі ағаш отырғызу науқанын өткізу жоспарлануда. Облыс аумағында 500 мыңнан астам ағаш отырғызылады деп күтілуде.
Мұқан Мұсаев, Ұзын Ата ауылының тұрғыны:
- Жастарымыздың келешекте өсіп-өніп, елімізді, жерімізді таза ұстауы үшін бұл бір жақсы бағдарлама болып тұр. Қазіргі жүріп жатқан жұмыстар өте керемет. Жылда жалғасын тауып, дәстүрге айналса, жастардың тазалыққа деген тәрбиесіне әсері болайын деп тұр. Осы жұмыстар жалғасын таба берсін.