Ақтаудағы «Жылы жағажай» аумағы қоқыстан тазартылды

Ақтаудағы көрнекті орындардың бірі «Жылы жағажай» аумағында кезекті рет сенбілік өтті, деп хабарлайды 24KZ.

«Таза Қазақстан» эконауқаны аясында ұйымдастырылған шараға қала халқы белсене атсалысты. Қолға күрек-тырма ұстап, жағалаудан қоқыс тергендердің арасында шетел азаматтары да болды. Қоршаған ортаны тұрмыстық қалдықтардан тазарту соңында жарыс ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сый-сияпат ұсынылды.

«Жылы жағажайдың» атына заты сай. Теңіздің суы қысы-жазы жылы болып тұратын жерге адам жиі барады. Таңсәріден жағалауға жиналған көпшілік қолға еңбек құралын ұстап, табиғатты қоқыстан тазартуға кірісті. Сенбіліктің бағдарламасы да қызықты. Шарт бойынша қатысушылар бірнеше топқа бөлініп, өзіне бекітілген аумақты мейлінше жылдам уақытта қоқыстан арылтуға күш салды.

Зейнеп Серік, қала тұрғыны:

- Менің ойымша, сенбіліктердің барлығы осылай өтуі қажет. Жай ғана қоқыс жинау деп қарау емес. Мұны өзінің еліне, өлкесіне тигізіп жатқан әсері ретінде және қызығушылықпен болу қажет. Себебі барлығымыз білеміз, қарапайым сенбіліктерге адамдар оларды мәжбүрлетіп қойған сияқты шығады. Адамдар жинап жүреді қиыншылықпен. Ал бұл жерде жарыс болғандықтан, барлығына қызықты әрі көңілді болды.

Тазалық шарасына қатысқандардың арасында Даниель Бэнивелли есімді Америка азаматы болды. Бұрын ол Маңғыстаудың қасиетті орындарын интернеттен көріп, мұндағы табиғат сұлулығына тамсанған. Шерқала тауы, Бозжыра секілді орындарды өз көзімен көруді ұйғарып, шалғай өңірге турист ретінде алғашқы сапары екен.

Даниель Бэнивелли, турист:

- Есімім – Даниель. Нью-Йоркте тұрамын. Қазақстанда дүниеге келген өнер жұлдызының жанкүйерімін. Осы елге саяхаттап келуді көптен бері жоспарладым. Сәті түсіп, осы ай басталғалы бері бірнеше облыста болдым. Маңғыстауға арнайы келген соң Каспий теңізінің жағасында болып жатқан сенбілікке қатысуды ұйғардым. Тазалық акциясы туралы волонтерлерден естідім.

Бұл жолғы сенбілікке 200-ден астам адам келді. Мемлекеттік қызметшілер белсенді тұрғындармен бірлесе қала жағажайынан 300 қапшыққа толы қоқыс шығарды. Жиналған тұрмыстық қалдықтар жүк көлігімен полигонға тасылды.

Роза Мұғалова, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

- Ағаш отырғызу акциясы да өтіп жатыр. Сондай ақ қалада бізде үш локация бар. Бүгінгі келіп жатқанымыз – бұл төртінші локация. Бүгінгі сенбілік те ерекше өткізіліп жатыр. Бұрын тек қана топқа бөлініп, тұрмыстық қатты қалдықтарды жинайтын болсақ, бұл жерде келген қазір барша қатысушы спорттық жарыстармен одан әрі топқа бөлініп, жарыстың жеңімпазы анықталады.

Экошара соңында қатысушылар спорттық жарыста бақ сынады. Қап киіп секіру, үлкем өлшемдегі аяқкиіммен жүгіру, арқан тартудан топ жарғандарға ұйымдастырушылар тарапынан естелік сыйлық берілді.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.