Алматыда «Жарқын күз» науқаны басталды

Республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Алматының экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған экологиялық акция өтті. «Жарқын күз» атты науқан қаладағы 8 аудан тұрғындарын бір арнаға тоғыстырды. Экобелсенділер саябақтарға көшет отырғызып, аумақты қоқыстан тазартты. Жалпықалалық сенбілікке өнер адамдары да қатысып, көшет отырғызып, ән айтты.

«Жарқын күз» науқаны Алатау ауданында өзгеше ұйымдастырылды. Ала паркіне 1,5 мыңнан аса адам жиналып, алма, үйеңкі, катальпа сынды 1500 көшетті жерсіндірді. Мұнда тамшылатып суару жүйесі орнатылады.

Бағдат Анарбаева, қалалық Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры директорының м.а.:

- Біздің қаламыз ортақ үйіміз болғаннан кейін бұл біздің міндетіміз деп білеміз. Сондықтан көптеген жастар өздері ниет білдіріп, өздері тіркеліп келіп жатыр. Ол да қуантады, өйткені жастарымыз бейжай қарамай, осындай акцияларға қатысып, қаламызды аялауға, қаламыздың қоршауына үлкен үлесін қосып жатыр деп айтсам болады.

Сенбілікке Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев бастаған өнер адамдары қатысты. «Ағаш егу мен тазалық жұмысы – жайлы қалалық орта қалыптастырудың маңызды қадамы», – дейді әнші.

Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның халық әртісі:

- Мына Алатау ауданының етек жағында керемет парк төселіп жатыр. Қанша алма ағаштар, жеміс ағаштары егіліп жатыр. Алматы қазір 3 миллионға жетті деп ойлаймын мен. Алматы өсе берсін, өркендей берсін.

Қала бойынша жалпы саны 10 мың көшет отырғызылды. Аудандардағы демалыс аймақтары, саябақтар, сквер және аула тазартылып, 4 мың текше метр қоқыс жиналды.

Нұрлан Құттыбаев, қалалық экология және қоршаған орта басқармасының бөлім басшысы:

- 10 қазаннан бастап күзгі ағаш егу маусымы басталды. Жыл соңына дейін 280 мыңнан астам көшет отырғызылады. Жалпы жоспар бойынша жылдың аяғына дейін 320 мың көшет егіледі. Оның 38 мыңы көтемгі маусымда жерсіндірілді.

«Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқанына жалпы 10 мыңнан астам тұрғын қатысып, 300-ден аса техника мен 1755 коммуналдық қызметкер жұмылдырылды.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев.