Шығысқазақстандық орманшылар қысқа әзірленіп жатыр
Бүгін – орманшылар мерекесі. Еліміздегі жасыл желектің ең көп бөлігі Шығыс Қазақстан облысында өседі, деп хабарлайды 24kz.
Облыстағы 3 млн гектарға жуық орман қорын 1200-ге жуық орманшы қорғайды. 13 шаруашылық жұмыс істейді. Тілсіз жаудың қаупі жоғары жазда ғана емес, күздің қара суығында да табиғат жанашырлары тыным көрмейді. Мәселен Верх-Уба орман шаруашылығында дәл қазір көшеттерді қысқа дайындау шаралары жүргізіліп жатыр.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Бұл жерде 614 мың түп көшет отырғызылған. Бойлап өсіп қалғандары келесі көктемде алқаптарға егіледі. «Ең қиыны – енді көктеп келе жатқандарын қыстан аман-есен алып шығу», - дейді орманшы Сайрамбек Мағазов. Сондықтан қазір олардың бетін ағаш жоңқасымен жауып жатыр. Биыл іргедегі өзен тасыған кезде тұқымбақты су басып, шаруа кеш басталыпты.
Сайрамбек Мағазов, орманшы:
- Биыл мына жерді су алып кетті де, содан егу сәл кешігіп барып егілді. Өте батпаққа айналып кетті жер, сол жағы қиындау болды.
Бұл кезде күзгі есеп-қисап қатар жүргізіледі. Мыңдаған түп өскінді бір демде санап шығу мүмкін емес.Сондықтан бұндайда шаршы құрылғыны шығаруға тура келеді.
Тұрсынхан Айтымбетов 20 жыл бойы орман саласында қызмет етіп келеді. Осымен бесінші шаруашылықты басқарып отыр. Айтуынша, қазір жағдай өзгерген. Техника жыл сайын жаңарып, орманшылардың еңбекақысы да өсті. Кадр жетіспеушілігі дендеп тұрған кезде бұның маңызы зор екені сөзсіз. «Алайда қосалқы құрамдағы қызметкерлердің жағдайды да ұмытылмаса екен», - дейді ол.
Тұрсынхан Айтымбетов, Верх-Уба орман шаруашылығының директоры:
- Мына бізде қосалқы құрамда жұмыс істейтін есепшілер, юристер, экономистер, күзетшілер бар, еден жуушылар, сол кісілердің жалақылары көтерілмей тұр. Ең төменгі жалақы сол кісілерде, бізбен бірдей жұмыс істейді, бірақ жалақысы төмен.
Верх-Уба орман шаруашылығы 107 мың гектарға жуық алқапты алып жатыр. Қарағай, қайың, көктеректі көздің қарашығындай сақтап, көлемін молайту үшін орманшылар кейде бастарын қауіпке де тігеді.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Уба өзені Верх-Уба орман шарушылығын екіге бөліп тұр. Қазір тып-тыныш ағып жатқан су көктемде қатты көтеріліп, орманшыларды әуреге салады. Сол кезде арғы беттегі орманшылыққа көшет жеткізу үшін мамандар біразға дейін қайықпен қатынауға мәжбүр болады.
Орманның ортаймауы үшін тер төгіп жатқандардың еңбегі де ескеріледі. Мұнда мерекеге орай кәсіби мамандарға құрмет көрсетілді. Алайда салтанатты жиыннан соң орманшылар қайтадан өз міндеттеріне оралды. «Өйткені жасыл желек жауапсыздықты көтермейді», - дейді олар.
Авторлары: Эльмира Ахметова.Жігер Бабаханов. ШҚО.24КЗ))