Елордада ECOJER конгресі өтіп жатыр

Елордада халықаралық Экожер конгресі өтіп жатыр.

Биыл сарапшылар жасыл экономикаға көшу бағытын тағы пысықтайды. Қазақстан да экономика мен экологияны ұштастыруға бағдар алды. Ал Орталық Азиядағы көшбасшы болуға әлеуетіміз жете ме?

Мерей Мұратханқызы, тілші: 

Халықаралық экожер конгресі биыл 4-рет өтіп жатыр. Күн тәртібіндегі мәселе - энергетикалық ауысым. Жиынға қатысушылар, әсіресе шетелдік сарапшылар Қазақстанның қадамын оң бағалауда. Қазір көмірге бейімделген аймақтар жаңа энергия көздерін іздеп жатыр. Шетелдік инвестициялар да "жасыл" жобаларға бағытталады. Алдағы уақытта жаңартылатын энергия көздері еселенеді.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасын толықтырдық. Жаңа бағыттар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, табиғи ресурсты дұрыс пайдалануға, баламалы энергия көздеріне көшуге мүмкіндік береді. Жұмыс өте көп. 

Рамазан Жампейісов, "Ecojer" қауымдастығы бас директорының кеңесшісі:

- Қазір жасыл генерацияның үлесі 6% шамасында, 2030 жылы көрсеткішті 15%-ға жеткізбекпіз. Сарапшылар жасыл энергетикаға көшу үшін 650 млрд доллар қажет болатынын айтты. Бұл жерде қазбалы отынды тұтынуды азайту, зиянды шығарындылары төмен қуат көздері генерациясын арттыру, сондай-ақ көлік саласын жаңғырту сияқты бағыттар түгел қамтылады. 

Жалпы экология мәселесі жаһанда өзекті. Жаңа қуат көздеріне бейімделу бір ғана биліктің ғана емес, ауыл шарушалығы, өндіріс, қысқасы барлық салаға қатысты. Тәуекелдерге де дайын болу керек. 

Гүлжан Тұрсынова, эколог:

- Қазақстан өзінің алдына 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына жетеміз деген бағыт-бағдар қойды. Сол бойынша көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Нәтижелері жоқ емес. Бізде жыл сайынғы өндірістің өсуі мен қатар көміртегінің тым шарықтап кетпеуін бақылап, қадағалап отыр. 

Климаттық өзгерістерге әлем халқы қалай дайындалып жатыр? Бұл мәселелер Әзербайжан астанасында өтетін COP 29 конференциясында айқындалатын болады. Экология мен экономиканы ұштастырып жатқан Қазақстан да өз ұсыныстарын айтады. Ал бүгінгі Экожер конгресі соның кіріспесі болмақ. 

Мерей Мұратханқызы, Мұрат Әріпханов