Биыл Арал теңізіне 977 млн текше метр су келді

Соңғы 5 жылда Кіші Аралға алғаш рет мол су келді, деп хабарлайды 24KZ. Биыл жалпы көлемі 977 миллион текше метр су құйылған. Бұған дейін 400 миллионнан аспаған еді. Сырдария өзені деңгейінің көтерілуі теңіздің тіршілігіне әсер етті ме?

Бұл – Қамбаш және Ақшатау көлдер жүйесіне берілетін суды реттейтін Сырдария өзеніндегі Аспай бөгеті. Қазір осы су реттегіштен асқан су Арал теңзіне құйып жатыр. Жалпы мамандардың қазіргі мәліметі бойынша секунтына 40 текше метр су теңізге құйылып жатыр.

Биыл мол су келгенін теңіз жағалап, тіршілік еткен ағайын да растап отыр. «Үш жыл бұрын су тұзданып, балық азайып кетті», – дейді балықшы қауым.

Мұқан Әбсахиев, балықшы:

- Балық болмады. Тіпті камбала көрінді ғой, су ащы болып кеткен кесірінен. Қазір жақсы ғой, жаман емес. Ол судың ащылығанын білдіреді ғой. Ол ащы суда жүретін балық қой. Қазір енді ол балық жоқ. Былайынша қазір шабағы, тістісі, ақ балығы бар, көрініп жатыр, жаман емес. Су келсе, балық болады ғой. Тіршілік болады.

Теңіз тартылған кезде жағалау ми батпаққа айналған. Аулаған балықты көлікке тиеу үшін топырақ үйіп, жол салуға тура келіпті. Ау-құралын асынған аралдықтар өткен күндерді осылай еске алды.

Бекетай Әбдікәрімов, балықшы:

- Анау тұрған төбе 6-7 шақырым жерде тұратын еді. Қазір осы тұрғанда 1 шақырымға да жетпейді. Ол бұрынғы теңіздің деңгейіне келіп қалған. Анау каюта тұрған маңайда еді. Қазір 500 метрдей қалды. Сондағы судың ана жақтағы суды жібергені, теңізге құйылғаны көзге көрініп, анық болып тұр ғой.

Биыл жазда Сырдария өзеніне тиісті көлемдегі судың 100% жуық берілуі  теңіздегі тіршіліктің жандануына әсер етті. Соңғы 5 жылдың көлемінде алғаш рет егін суару маусымы кезінде Кіші Аралға 977 миллион текше метр су жіберілген. «Бұрын бұл көрсеткіш 400 миллион текше метрден аспады. Бұл – трансшекаралық өзен суын бөлісу кезіндегі мемлекетаралық келесімнің жемісі», – дейді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Зейнолла Қазтоғанов.

Зейнолла Қазтоғанов, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары:

- 2022 жылы Кіші Арал теңізі 18,5 миллиардқа дейін азайып кеткен болатын. 2022 жылдан осы кезге дейін қазіргі таңда 22 миллиард су болып көбейді. 40,40 сантиметр отменкаға дейін түсіп кеткен. Қазір 41,13 сантиметрге Балтық жүйесімен су деңгейі тұр.

Биыл егістік те тіршілік нәрінен тапшылық көрген жоқ. Арал маңындағы көлдер жүйесі де суландырылды. Қыста тағы теңізге мол су түсуі мүмкін. Мамандардың болжамы осындай.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.