Аралдың құрғаған табанына сексеуіл егілді
Аралдың құрғаған табанына сексеуіл егу жалғасып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Жыл соңына дейін тағы 211 мың гектар аумақ көгалдандырылады. Президент тапсырмасымен 2021-2025 жылдар аралығында 1 млн 100 мың гектар жерге шөлге төзімді өсімдік егу жоспары жасалған еді. Содан бері 600 мың гектардан астам аумаққа сексеуіл тұқымы себілді. Біраз жерге көшет түрінде егілді. Келесі жылы тағы 280 мың гектар жер қамтылады. Өңірде жалпы аумағы 150 гектарды құрайтын 8 уақытша тұқымбақ және 32 гектар республикалық орман тұқымбағы бар. «Көшет дайындайтын арнайы алқаптар да ұлғайтылады», - дейді мамандар.
Айбек Жолаханов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:
- Қазақстанның ландшафтарын қорғау, қалпына келтіру жобасы аясында біздің Қазалы қаласынан, Қазалы орман мекемесінің аумағында 33гектар жерге орман тұқымбағы, жалпы жылдық шығымдылығы 3 млн дана сексеуіл көшетін өндіретін тұқымбақ салынып, аяқталуға жақын. Егер толық аяқталып, күшіне енген кезде келесі жылдан бастап көшеттерін бере бастайды.