Абай облысында Республика күні 100 түп ағаш егілді

Абай облысының тұрғындары Республика күнін ерекше атап өтті. «Таза Қазақстан» акциясы аясында 100 түп ағаш егілді. Экологиялық акцияға қоғам белсенділері, жергілікті билік өкілдері мен Семей қаласының жастары қатысты. Мемлекеттік туды салтанатты түрде көтеру рәсімі өтті. Барлығы 300-ден астам адам жиналды.

100 түп ағаш Семейдегі Әуезов даңғылының бойында егілді. Акцияға 100-ге жуық адам қатысып, қоршаған ортаны көркейтуге үлес қосты. Жалпы Абай облысының тұрғындары мұндай шараларда үнемі белсенлілік танытады. Келесі жылы өңірде 15 мыңға жуық көшет егу жоспарда бар. 

Мұратхан Сәкенов, көгалдандыру мекемесінің директоры:

- Тоғайлар 8-10 жасар. Үлкен тоғайлар. Қазір «липа» мен «клен», «канадский» дейді ғой, сол ағаштар отырғызылып жатыр. Қала бойынша осындай ағаштардан 300 дана салынады.

Экологиялық акцияға облыс басшысы Нұрлан Ұранхаев қатысып, жастарға  үлгі көрсетті. Облыс әкімі: «Экологиялық тәрбие беру, табиғатқа деген жанашырлықты насихаттау міндеттіміз», – дейді.

Нұрлан Ұранхаев, облыс әкімі:

- «Таза Қазақстан» акциясы ол біркүндік акция емес. Ол біздің облысымызда жалғасып жатыр. Барлық аудан орталықтарында, елді мекендерде осы жұмыс жүріп жатыр.

Бекзат Заманбек, қала тұрғыны:

- Жалпы бұл акцияға біздің өңіріміздегі жастар белсенді қатысып жатыр. Келіп жеткен Республика күні қарсаңында ұйымдастырылып жатқан шара болғандықтан, барлық қазақстандықты мерекемен шын жүректен құттықтағым келеді. Еліміздің еңсесі биік, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын.

Бұдан кейін көпір астындағы алаңда Мемлекеттік ту салтанатты түрде көтерілді. Іс-шараға облыс басшылығы, қоғам қайраткерлері мен жастар қатысты. Барлығы 300-ден астам адам келді. Жиналғандар оркестрдің сүйемелдеуімен әнұранды орындап, ел Туын көкке көтерді.

Гүлшеризат Байболова, қала тұрғыны:

- Мереке әрқашан осылай тойлансын. Ендігі жастардың жолы. Сол жастарымыздың жолы ашық болсын деп айтқым келеді. Осы Туымызды жерге түсірмей, жастарымыз үлкен биіктерден көріне берсін.

30-дан астам темір тұлпар қала көшелерімен жүріп, Мемлекеттік туды жілбіретті. Шара ұйымдастырушыларының айтуынша, мақсат – мемлекеттік рәміздерді насихаттап, ұлттық құндылықтар мен бірлікті нығайту.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов.