Қазақстан мен Өзбекстан Арал теңізінің экологиясын бірлесе жақсартады
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы осы келісімнің маңызды бөлігі – Арал бассейніндегі экологиялық жағдайды жақсарту.
Нақты қандай жоспарлар бар? Екіжақты келісім тағы қандай шараларды іске асыруды көздейді?
Алдымен Арал теңізінің құрғаған түбін жақсарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтайық. Бұл – ауқымды жұмыс. Аумақты көгалдандыру бірнеше жыл бұрын қолға алынған. Жыл сайын сексеуіл көшеттері отырғызылып жатыр. Оған республикалық бюджет және халықаралық қаржы ұйымдары тарапынан арнайы қаржы қарастырылған. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректері мынадай:
Арал теңізінің құрғаған түбінде 2025 жылға дейін 1,1 млн гектар аумаққа сексеуіл отырғызылады. Бұл – 2021 жылы Мемлекет басшысы жүктеген тапсырма. Сол кезден бері 413 мың га аумақта сексеуіл көшеттері отырғызылды. 6 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді, оның жартысы республикалық бюджет есебінен қарастырылды. Ал, биылғы жоспар – тағы 275 мың гектар аумақты жасыл желекке айналдыру. Мамандар келер жылы Арал теңізінің құрғаған түбінде 280 мың гектар аумаққа сексеуіл егілетінін айтты.
Бұл жұмыстарға келер жылы қанша қаржы жұмсалады? Сонымен қатар бұл егілген көшеттердің өміршеңдігі қандай? Әрі қарай тамыр жайып жатыр ма? Экологтар не дейді?
Экология вице-министрі Мансур Ошурбаев өз сөзінде 2024-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетте қаржы қарастырылмағанын атап өтті. Осыған байланысты қазір ұлттық және ірі компаниялардан қаражат тарту мәселесі қарастырылып жатыр. Экологтардың айтуынша, бұл сексеуілдің өміршеңдігі 30%-ке жетеді. Әрине, өнімділікті арттыру қажет. Өңірде жалпы аумағы 150 гектар болатын 8 уақытша тұқымбақ және 32 гектарлық республикалық орман тұқымбағы бар. Көшет дайындайтын арнайы алқаптар ұлғайтылады. Мәселен, Қазалы орман мекемесінің аумағында 33 гектар жерге орман тұқымбағы, жалпы жылдық шығымдылығы 3 млн дана болатын сексеуіл көшетін өндіретін тұқымбақ салынып жатыр. Ол іске қосылған соң келесі жылдан бастап көшет бере бастайды.
Бұл мәселелер Аралдың құрғаған бөлігіне байланысты. Енді теңіздің сақталған бөлігі бар ғой, Кіші Арал дейміз. Әр жылы ел аумағында жиналған су қорлары есебінен оны толтыруға тырысып жатырмыз. Су көлемі қаншалықты ұлғайды?
Бұл жайында су ресурстары және ирригация вице-министрі бірқатар дерекпен бөлісті. 2022 жылы кіші аралдың көлемі 18 млрд текше метрге дейін азайған болатын. Бүгінгі күні оның көлемі 22 млрд текше метрге дейін толысты. 2028 жылға қарай Аралдың суын 27 млрд текше метрге жеткізуге ниеттіміз.
Нұрлан Алдамжаров, ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі:
- Кіші Аралды сақтап қалу бойынша біздің министрлік тиісті жұмысты атқаруда. Оның ішінде қазіргі таңда мына Көкарал плотинасының реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде, оның іске қосылу мерзімі – 2025 жыл. Одан бөлек, Дүниежүзілік банк арқылы 1,5 мн грант бөлінді. Солтүстік Аралды қалпына келтіру 2-кезең жобасы қазіргі таңда сол грант есебінен техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп бітті. Қазіргі таңда мемлекеттік сараптамаға өткізілді.
Жалпы бүгін Сенат депутаттары қабылдаған келісімге 2022 жылғы желтоқсанда Ташкент қаласында қол қойылған. Келісімнің қабылдануы екі мемлекеттің Арал теңізі мен Сыр өңірін қалпына келтірудегі маңызы зор. Бауырлас көрші әрі стратегиялық әріптес екі елдің қоршаған ортаға қамқорлықпен қарау, экологияны қорғаудағы көзқарасы ортақ. Құжат алдағы уақытта экологиялық дағдарысының салдарын жеңілдету және құм-тұзды дауылдардың алдын алуға септігін тигізеді. Ортақ күш-жігер арқылы халықаралық және өңірлік бағдарламалар жүзеге асырылып, іс-қимылдар үйлестіріледі.