Алматы облысында 300 тоннадан астам қоқыс шығарылды
Алматы облысының Жамбыл ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғалы бері 300 тоннадан астам қоқыс шығарылып, 10 мың түп ағаш көшеті егілді, деп хабарлайды 24KZ. Аталған іс-шараға жалпы саны 25 мыңға жуық адам қатысты. Олар саябақтар мен гүлзарларды және тасжолдардың бойын тазартып, ауыл ішін абаттандыру жұмыстарына белсенді атсалысты.
«AMANAT» партиясы мүшелері мен Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Ұзынағаш ауылында тазалық шарасы өтті. Бұл жұмыстарға 100-ден астам адам жұмылдырылды. «Біз Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының жергілікті тұрғындар тарапынан қызу қолдау тапқанына қуаныштымыз. Ол жас ұрпақты экологиялық мәдениетті сақтап, қоршаған ортаны таза ұстауға баулиды», – деді Жамбыл ауданының экобелсенділері.
Балжан Ерболқызы, Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы:
- Мұндай акциялар біздің елді мекенде көптеп жүргізіліп тұрады. Биылғы жылы біз енді «Жасыл ел» еңбек жасақтарының, тазалық акцияларының жұмыстарын жүргізу мақсатында, жаздық маусымдық жұмыс мақсатында біраз, 90-дай жасты жұмыспен қамтыған болатынбыз. Қазір енді осы аталған шараға екі колледждің студенттері атсалысып жатыр. Жастарға алғысымыз шексіз.