Ұлытау облысында қоршаған ортаны зерттеу жұмыстары аяқталды
Ұлытау облысында қоршаған орта мен халықтың денсаулығын кешенді зерттеу жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды 24kz.
Мамандар Жезқазған мен Сәтпаев қалалары және Ұлытау ауданын назарға алған. Отандық және шетелдік ғалымдардан құралған ғылыми-зерттеу тобы былтырғы сәуірден бері жергілікті халықтың денсаулығын бақылады. Сондай-ақ ауадан 1,5 млн-ға жуық, топырақтан 3000-нан астам және судан 600-ге жуық сынама алынды. Өңірдегі өсімдіктер мен жануарлардың да жай-күйі тексерілді. Кешенді жұмыстың қорытындысы атқарушы билік өкілдері мен депутаттарға, экологтар және тұрғындарға ұсынылған. Ғылыми-зерттеу тобының мүшесі Ерлан Сәдуақасов: «Облыстың кейбір аумағында экологиялық көрсеткіштер бойынша мөлшерден ауытқу бар», - дейді.
Ерлан Сәдуақасов, ғылыми-зерттеу тобының мүшесі:
- Тұжырымдамаларымызды беріп жатырмыз қандай бағыттар бойынша осы территорияны экологиялық апат немесе төтенше жағдай деп тану жөнінде. Егер тоқталып кететін болсақ, мысалы, Сәтпаев, Жезқазған, Талап, Жезді, Қарсақбай, Кеңгір ауылдарының территориясы топырақтың ластануы бойынша біраз аумағын экологиялық, төтенше жағдай аймағына жатқызуға болады. Қоғамдық тыңдау өтеді. Содан кейін Экология министрлігіне соңғы жауап алу үшін жібереміз. Оң жауабын алсақ, онда Үкімет іс-шара жасап, қай жерде қандай бағыт бойынша төтенше жағдай жариялауға болады деген тұжырымдама беріліп, содан жұмыстар әрі қарай жүргізілетін болады.