Қала құрылысының экологияға әсерін қалай азайтамыз?
Бүгін «Дүниежүзілік қалалар күні».
Біріккен ұлттар ұйымының Бас ассамблеясы бекіткен мерекенің басты мақсаты – әлем назарын қала құрылысы мәселелеріне аудару. Сонымен қатар экологиялық проблемаларды шешу үшін тізе қосып әрекет етуге шақыру. Дегенмен, бұл бастама қала құрылысы мен экологияны жақсартуға септігін тиізді ме?
Сарапшылардың есебінше, 2050 жылы қала халқының саны екі жарым млрдқа көбейеді. Яғни, ширек ғасырдан кейін адамзаттың 68 пайызы тас көшелерді мекендейді деген сөз. Урбанизацияның осылай жылдам жүруі қазірдің өзінде бірқатар проблемаларды туындатып отыр.
Біржан Евниев, Қазақстандағы Б¥¥ДБ жобаларының қаржылық талдаушысы:
- Қалалар құрлықтың үш пайызын ғана алып жатқанына қарамастан барлық қуаттың 78 пайызын тұтынады. Сондай-ақ атмосфераға шығатын парник газдарының 70 пайызына жуығы да осы қалаларға тиесілі. Сондықтан олардың құрылысының дұрыс жүргізілуі өткір мәселе. Заманауи елді мекендердің қоршаған ортаға зияны болмауы керек. Әлеуметтік, экономикалық мәселелер туындамауға тиіс. Сондықтан тұрақты қалалар құрылысына мән беріліп отыр. Осы мәселеге әлем назарын аудару үшін арнайы мереке де бекітілді.
Бұл тақырып халқы тығыз орналасқан елдер үшін ғана өзекті емес. Қазақстанда да экология мәселесі жиі көтеріледі. Мысалы, Алматыда ауаның ластануымен күресуге бағытталған жобалар қолға алынған. Бұл бастамалардың бірі «Жасыл және қауіпсіз көшелер» деп аталады.
Ерасыл Қалихан, Қазақстандағы БҰҰДБ инновациялық зерттеулер бөлімінің басшысы:
- Сарапшылармен ақылдаса отырып біз жұмыс істейтін үш бағытты анықтадық. Біріншісі адамдарға ауаның ластануымен қалай күресуге болатынын түсіндіру. Сонымен қатар тактикалық урбанизм іс-шаралары. Соңғысы, ауаның сапасын қадағалау. Яғни, түрлі инфрақұрылымдық жобалардың ауаға қалай әсер ететінін анықтау үшін өлшеуіш құрылғылар қойып, өзгерістерді тіркеп отыру.
Қазір әлемде қала құрылысына қойылатын талап көп. Коммуналдық қызметтер, энергиямен қамтамасыз ету жүйелері мен көлік инфрақұрылымында кінарат болмауы керек. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер мен ерекше қажеттілігі бар адамдарға жағдай жасалуға тиіс. Жасыл қуат көздері қолданылып, қала тіршілігінің жаһандық жылынуға қосатын үлесін азайтуға да баса мән беріледі.
Серік Cелеубайұлы