Елімізде алдағы үш жылда 21 қалдық сұрыптау желісі ашылады

Қазақстан соңғы жылдары экологиялық тиімділік рейтингінде 180 елдің арасында 93-ші орынға тұрақтаған. Еліміз тіпті Намибия, Габон және Зимбабве сынды елдерден артта қалып отыр, деп хабарлайды 24kz.

Республикамыз жасыл желекке бөленген мемлекеттердің рейтингінде 78 елдің ішінде 72-ші орынға тұрақтаған. Экологиялық мәселелерді шешу үшін қандай жобалар қолға алынып жатыр? Қазір елде қалдықтарды сұрыптау жұмыстары қолға алынуда. Бұл экологияның жақсаруына әсер етіп жатыр ма?

Елде алдағы үш жылда 21 қалдық сұрыптау желісі ашылады. Сол арқылы қайта өңделген сапалы шикізат санын арттыру көзделіп отыр. Қазір елімізде 50-ге жуық пластикті қайта өңдейтін кәсіпорын бар. Дегенмен, бұл жеткіліксіз. «Сондықтан саладағы мәселені шешу үшін ірі жобаларды іске асыру керек», - дейді мамандар. Экология және табиғи ресурстар министрлігі жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, 94 жобаны іріктеп алды. Енді қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеу бағытына 232 млрд теңге қаржы құю жоспарланып отыр. Оның 20%-і қазақстандық жеке инвесторлар есебінен болады.

Абылай Алмұханов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі департаментінің басқарма басшысы:

- Бұл жобаларды жүзеге асырған жағдайда Қазақстандағы барлық облыс, өңірлердің, кем дегенде облыс орталықтарында сұрыптау желілері іске қосылады. Ол инвесторлардың құжаттарды тапсыруына байланысты, ақша алынған жағдайда. 2 жылдық кредиттік каникулдар бар. Яғни, инвестордың өзінің мотивациясы ол 2 жыл кредит каникулы барысында құрылыс жұмыстарын аяқтау.

Өткен жылғы Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, атмосфераға стационарлық ластану көздерінен шығарылған қалдықтар 2 мың тоннадан асқан. Ал, қоршаған ортаны қорғауға бюджеттен 610 млн теңге қаржы бөлінген. Халыққа жіберілген су көлемі 672 млн текше метрді құрайды. Былтыр кәсіпорындар 3 млн тоннадан астам коммуналдық қалдықтар жинады.

Өткен ғасырда өндірістік нысандардың мекені болған Маңғыстау облысының да бүгінгі экологиялық ахуалы әбден ушыққан. Оған бір ғана Қошқар ата көлін мысалға алсақ жеткілікті. Улы қалдық толған көл біраз жылдан бері жергілікті тұрғындарды дүрліктіріп отыр. Мамандар Қошқар ата көлінің айналасында 105 млн тоннадан астам қоқыс барын айтады. Оның 51 млн тоннаға жуығы радиоактивті қалдықтар. Ол экологиялық тұрғыдан өңірдегі ең қауіпті орын саналады. Айта кеткен жөн, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл соңына дейін қалдық қоймасын көму жұмысы аяқталуы тиіс деген тапсырма берген еді. Алайда, биыл көлді тазарту жұмыстары уақытша шегерілген. Енді қалдықтар қоймасын залалсыздандыру қашан басталатыны белгісіз.

Әсел Қасенова, Қалдықтарды басқару департаменті басқармасының басшысы:

- Қошқар ата қалдық қоймасын тазарту жобасын экология министрлігі қаржыландырады. Қалдық қоймасын қалпына келтіру үшін оның бетіне 30 см құм құйылады. Әрине, ол жер қазір жергілікті тұрғындарға қауіпті саналады, азаматтардың денсаулығына қауіп тудыруы мүмкін. Жұмыстың уақытша тоқтауына жоба құнының қымбаттауы себеп болды. Енгізілген өзгерістер толық күшіне енген соң қалпына келтіру шаралары қайта жүргізіледі.

Қазақстанның 10 қаласы «ауасы қатты ластанған, экологиясы наша деп танылған. Олардың қатарында, Астана, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент қалалары бар. Қазір аталған өңірлерде экологиялық мәселелерді шешу бойынша жобалар қолға алынып жатыр.