Өскеменде 11 кәсіпорын қалдықтарды бақылайтын жүйе орнатпаған
Шығыс Қазақстан облысының өндіріс орындары зиянды қалдықтар туралы ақпарат беретін жүйемен жабдықталмаған, деп хабарлайды 24kz.
Экологтардың тексерісі кезінде 11 кәсіпорында мұндай құрылғының жоқтығы анықталды. Ал экологиялық кодекске сәйкес, мұндай «ақылды» жабдықтар келер жылға дейін, яғни, ауаға 500 тонна қалдық бөлетін зауыттар мен мекемелерде қойылуға тиіс. Қоршаған ортаны ластаушылар жайлы деректер ортақ база арқылы қадағаланып отырады.
Азамат Тәуірбеков, ШҚО Экология департаменті басшысының м.а.:
- Кәсіпорын басшылары түрлі сылтау айтып жатыр. Біреуі: «мұндай заң жайлы мүлдем хабарсыз болдық», деп ақталса, енді бірі: «жүйені орнату тым қымбат», дейді. Дегенмен, заңның аты заң. Ешбір себеп жауапкершіліктен босатпайды. Біз ол мекемелерді әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша прокуратураға хат жолдадық.