Қызылорда облысындағы зауыттардан бөлінетін зиянды заттар тәулік бойы бақыланады
Қызылорда облысындағы өндіріс орындарынан ауаға тарайтын зиянды заттардың мөлшері әр тоқсан сайын бір рет жүргізіліп отырады, деп хабарлайды 24kz.
Бұл әдіс арқылы нақты жағдайды анықтау оңай емес. Мәселені шешу үшін аймақтағы зауыттарға арнайы автоматты қондырғы орнатыла бастады. Жаңа мониторингтік жүйенің көмегімен зиянды заттардың мөлшері үздіксіз тәулік бойы өлшенеді. Үлкен құбырға орнатылған датчиктердің көмегімен ауаны ластайтын компоненттердің мөлшері деректер базасына әр 20 минут сайын түсіп отырады. Мәліметтер «Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы Ұлттық деректер банкінің» базасына тікелей жолданады. Өңірде қоршаған ортаға әсері бақылануы тиіс үш кәсіпорын тізімге алынған. Күкірт қышқылы, цемент және шыны өндіретін бұл зауыттарға автоматтандырылған жүйе толық орнатылған.
Әсем Тынарбай, облыстық экология департаментінің бас маманы:
- Мониторингтің автоматтандырылған жүйесі өндіріс және өнеркәсіптік объектілердегі процесстерді, оның ішінде қоршаған ортаға зиянды ластаушы заттардың шығарындыларын бақылауды автоматтандыруға арналған кешенді технологиялық шешім. Бұл жүйе өнеркәсіптік нысандардың жұмысын нақты уақыт режимінде бақылауға, деректерді үздіксіз жинауға, талдауға және сәйкес шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.