Жезқазғанда жеке үйлерге улы газды ерте анықтайтын құрылғылар орнатылып жатыр
Жезқазғанда өрт қауіпсіздігі ережелерін елемейтіндер көп. Соңғы жылдары жеке секторда жылыту пешін дұрыс пайдаланбау салдарынан өрт оқиғасы жиілеген, деп хабарлайды 24kz.
Қазір Төтенше жағдайлар қызметі өрттің алдын алу мақсатында жеке тұрғын үйлерді тексеріп жатыр. Осы жұмыстардың барысында әлеуметтік осал топтағы тұрғындардың үйіне улы газды ерте анықтайтын құрылғылар орнатып береді.
Қазір облыс орталығында 1600-ден астам үй пешпен жылытылады. Олардың дені жылыту маусымына сақадай сай болғанымен, кейбірі ережені елемейді. Сондықтан жылыту маусымы кезінде пештер мен түтін мұржаларын тексеру, пайдалану ережелерін түсіндіру өте маңызды. Бүгінде әлеуметтік осал топтағы азаматтардың баспанасы басты назарда. Олардың үйіне қазір улы газ бен түтінді тез анықтайтын құрылғылар тегін орнатылып жатыр.
Дидар Құйқабаев, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы:
- Жергілікті атқарушы органның қолдауымен Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері аталған әлеуметтік осал топтардың үйлерінде улы газды ерте анықтайтын датчиктерді орнату жұмыстарын жүргізуде. 117 тұрғын үйдің 100%, толыққанды улы газ датчигін орнату бойынша жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар түтінді ерте анықтайтын датчиктер де орнатылуда.
«Өрт пен жазатайым оқиғаның алдын алу үшін мұндай құрылғының маңызы зор», - дейді Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары. Сондықтан осындай датчиктерді орнатуды өзге де тұрғындарға ұсынады. Әбдінәби Ақтаев – газ бен түтінді анықтайтын құрылғыны орнатқандардың бірі.
Әбдінәби Ақтаев, қала тұрғыны:
- Бұл өте қажет. Біз бұған дейін де оқыс оқиғалар туралы естіп-көріп жүрміз. Адамның өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Бұл құрылғы қауіп барын, тез арада шара қолдану керегін ескертеді.
Биыл өңірде пеш пайдаланатын 205 үйге датчиктер тегін орнатылды. Енді 150-ден астам тұрғын кезекте тұр.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Елизавета Шалина, Нұрбол Ұзақбаев