Павлодарда оқушылар 200 түп ағаш екті
Павлодарда қаланы көріктендіруге оқушылар атсалысып жатыр.
Экология және туризм орталығының тәрбиеленушілері Достық саябағына 200-ге тарта ағаш көшеттерін екті. Жеткіншектер катальпа, спирея, амур барқыты, балқарағай, долана және шетен ағаштарын өздері өсіреді. Жалпы экологиялық орталықта сирек кездесетін өсімдік пен жеміс ағаштарының мыңнан астам түрі өседі. Ондағы үйірмелерге қала мектептерінен 2 мыңдай бала қатысады.
Диляра Бопышева, "Бақшалар әлемі" балалар бірлестігінің мүшесі:
- Біз қаламыз үшін сирек кездесетін өсімдіктерді отырғыздық. Олар катальпа, спирея, қарлыған және тағы басқалары. Олар біздің орталығымызда өсіп, гүлдейді. Оларды отырғызбас алдында біз саябақта абаттандыру жұмыстарын жүргіздік.
Сәуле Ахмерова, оқытушы:
- Біздің қаламызда қайың, терек, шырша көп өседі. Ал, сәндік ағаштар өте сирек кездеседі. Осы олқылықтың орнын толтырып, қаланың келбетін жаңартуға өз үлесімізді қоссақ дейміз.