Түркістанда жалпықалалық сенбілікте он мың көшет егілді

Түркістанда «Таза Қазақстан» акциясы аясында жалпықалалық сенбілік өтті, деп хабарлайды 24kz.

Оған ардагерлер ұйымы, мемлекеттік қызметкерлер, мәслихат депутаттары, коммуналдық сала қызметкерлері, тұрғындар мен кәсіпкерлер қатысты. Табиғат жанашырлары қала көшелері, көпқабатты тұрғын үйлер мен балалар ойын алаңдарын қоқыстан тазартты. «Руханият» саябағына 10 мың көшет егіп, ағаш түптерін әктеді. Сенбілікке мыңнан астам адам атсалысып, 28 арнайы техника тартылды.

Еркінбек Байтілесов, қала тұрғыны:

- Бұл жер тастақ деген жер болатын. Жердің бәрі карьер, тас, адам жүріп-тұруға мүмкіншілік жоқ еді. Қазір мінекей, бәрі тегістеліп, саябақ болы. Осы жерді тазалап, тал егіп, болашағымызға үміт күттіретін жағдайда жүрміз.

Смадияр Сабиров, қалалық инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі басшысының орынбасары:

- Жақын маңдағы тұқым бақтардан ағаш алдырдық. Осы өзіміздің жерге бейімделген ағаштар. Бүгіннен бастап ағаш егу науқанын аштық. Қараша айының 20-ына дейін қала аумағына 40 мыңнан астам ағаш егілетін болады.