Елімізде экологиялық жобаларды қолдайтын қор ашылды
Азия даму банкі экологиялық жобаларды қаржыландыратын арнайы қор ашты, деп хабарлайды 24kz.
Келісімге бүгін Астанада өткен Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығының министрлік конференциясында қол қойылды. Сонымен қатар жиында климаттың өзгеруі, ұйымға мүше елдердің өзара интеграциясы сынды тақырыптар көтеріліп, мәселені шешу жолдары қарастырылды. Қатысушылар арасында пікірталас жүріп, маңызды келісімдер жасалды.
Лязиза Сабырова, Азия даму банкінің аймақтық бөлім басшысы:
- Таңертең ғана жаңа траст қорын ашу бойынша келісімге қол қойдық. Алғашқы донорларымыз Корея Республикасы мен Қытай Халық Республикасы 5 млн доллар құйды. Біз бұл бастамаға осындай гранттық қаржы ұсына алатын басқа донорларды да шақырамыз. Қаражат Азия даму банкі арқылы ұйымға мүше елдердегі экологиялық жобаларға жұмсалады. Министрлер кеңесінде әр мемлекет өз жобасын таныстырады. Біз солардың ішінен талапқа сай келетін ұтымдыларын таңдап аламыз.