Ресейлік ғалымдар: Итбалық саны тұрақты
Итбалықтың қырылуы бұл ғана емес, бұған дейін де талай қырылған. Ол уақта қандай себеп болып еді?
Қазақстан мен Ресей ғалымдары су жануарын 2020 жылдан бері бірлесіп зерттеп келеді. Мамандардың дерегі бойынша 2022 жылы 45 мың итбалық өлген. Одан кейін су жануарының саны қайта қалпына келіп, 2023 жылы 53,5 мыңға дейін өскен.
Сонымен, итбалықтың бұған дейінгі жылдары қырылуына не себеп болған еді?
2022 жылы Каспий итбалығы жаппай қырылғаннан кейін «Компас» эко қоры мен Дағыстан мемлекеттік университеті Каспий итбалығы популяциясын зерттеу және сақтау бағдарламасын іске қосты. Осы жоба аясында 2023 жылдың сәуір-желтоқсан айлары аралығында итбалықтардың маусымдық шоғырлану аймақтарына алты экспедиция жүргізілді. Бұл зерттеу итбалықтардың маусымдық мекендеу орындарында айтарлықтай аз екенін анықтады. Осы ғылыми топтың пікірінше, 2022 жылы болған Каспий итбалықтарының өлімінің негізгі себебі – аса патогенді құс тұмауы. Ал бірақ жарты жылға созылған тағы бір зерттеудің арқасында бұл оқиғаның негізгі себебі – табиғи апат екені анықталды.
Бүкілресейлік балық шаруашылығы институтының ғалымдары итбалықтардың жаппай қырылу себебін алты ай бойы зерттеді. Сараптай келе жануарлардың қырылу себебі Дағыстан мен Әзірбайжандағы сейсмикалық дүмпулердің әсер еткені белгілі болды.
Вячеслав Бизиков, Бүкілресейлік балық шаруашылығы институты ғылыми жұмыс бойынша директорының орынбасары:
- Итбалықтардың қырылуына сейсмикалық белсенділік нәтижесінде табиғи газдардың шығуы себеп. Бұл итбалықтар, патологиялық-анатомиялық сараптама көрсеткендей, аурулары жоқ, сау, мықты жануарлар болған. Сонымен бірге барлық тексерілген өлекселерде агония белгілері байқалды. Жануарлар тыныс ала алмай тұншығып өлген.
Қазақстан мен ресей ғалымдары бірігіп зерттеу жүргізуді қолға алған. Бірлескен бағдарлама аясында жыл сайын ақпан айында мұз айдындарында әуеден түсіру жұмыстары жүргізіледі. Мониторинг деректері кейінгі 10 жылда итбалық санының тұрақты болғанын көрсетеді. Соңғы бес жылда жануарлар саны орта есеппен жылына 60 мыңға өскен
Василий Соколов, «Росрыболовство» агенттігі басшысының орынбасары:
- Қазіргі есеп бойынша 275 мың итбалық бар. Бұл сан ресейлік ғалымдардың, соның ішінде Ресей ғылым академиясының және қазақстандық әріптестердің келісілген ортақ болжамы. Біз жағдайды аса қауіпті деп санамаймыз. Бірақ әрине шешілмеген мәселелер бар. Сондықтан біз осы түрді сақтау стратегиясын әзірлеуді қолдаймыз.
Соңғы авиабарлау деректері бойынша итбалықтардың саны 305 мыңға дейін өсті деп нақтылайды ғалымдар. 12 қарашада Махачкалада қаласында Каспий итбалығын сақтау мәселелері бойынша халықаралық ғылыми конференция өтеді. Оған барлық Каспийге қатысы бар елдерден ғалымдар қатысады.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров