Алматылық оқушылар «Шарын» ұлттық паркіне 2000 ағаш көшетін екті

Алматы облысындағы «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне қарағайдың 2 мың көшеті егілді, деп хабарлайды 24kz.

«Таза Қазақстан» акциясына Жаңабай Құдайбергенов атындағы мектеп оқушылары арнайы шақыртылды. Оларға аграрлық университет ғалымдары мен орманшылар ағашты отырғызу тәртібін түсіндіріп, іс жүзінде көрсетті. Содан кейін жасөспірімдер тұқымбақты жасыл желекпен көмкеруге атсалысты. Осылайша, жеткіншектерге табиғат аясындағы тағылымы мол, тәжірибелік сабақ өткізілді. Енді олар өз қолымен еккен көшеттерді өздері күтіп баптайтын болады.

Ақбота Мұхаметжанова, оқушы:

- Табиғатты сүйетінімізді осы жерде көрсетіп отырмыз. Яғни, ол үш жылдан кейін өсе ме? Төрт жылдан кейін өсе ме? Әрине, қазіргі кезде кішкентай ағашты өсіру арқылы біз қоршаған ортаға өз үлесімізді қосып отырмыз.

Құтлықжан Юнусов, «Шарын» МҰТП директорының орынбасары:

- «Таза Қазақстан» акциясы аясында мектеп орманшылығы жас оқушыларды алып келіп, осы көшеттерді қалай отырғызылады, қалай өсіреді соны таныстыру. Ағаштарымызды күтіп баптауға, табиғатымызды күтіп баптауға, табиғатымызды сүюге, қорғауға баулу болып саналады.