Қызылорда облысында «Үлгілі көше» байқауы өтіп жатыр
Қызылордада «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Үлгілі көше», «Үлгілі аула» байқауы өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Бұл шараға Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылының тұрғындары белсенді қатысып отыр. Қоршаған ортаға бейжай қарамайтын тұрғындар жүйелі түрде игі шараға атсалысып келеді. Бұл жолы да асай-мүсейін асынған ауылдықтар елді мекен ішіндегі арық-атыздар мен көше бойын тап-тұйнақтай етіп тазалады.
Былтыр бұл ауыл облыстық «Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпазы атанып, жүлдеге тігілген қоқыс жинайтын арнайы техниканы еншілеген болатын. «Енді дәл осындай байқауды ауыл көшелері арасында өткізу жоспарланып отыр», – дейді мамандар.
Дәулет Сәрсенбаев, Бесарық ауылының әкімі:
- Облыстық «Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпазы атанды. Содан бері ауыл халқы да тазалыққа үйреніп, қазір ауылымыз таза, көшелер таза, ретсіз қоқыс тастамауға халық үйреніп келе жатыр. Енді осы жылдың қорытындысымен «Үлгілі көше» деген конкурсты өткізгіміз келіп отыр.