Қарағандыда «Эко қаһарманы» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Қарағандыда «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Эко қаһарманы-2024» байқауының жеңімпаздары анықталды. Оған қаладағы 33 мектептің оқушылары қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаты – балалар мен жасөспірімдерді экомәдениетке баулу, қоқысты реттеп жинауға үйрету.

Байқау «Макулатураны жинаңыз – ағашты сақтаңыз!» және «Пластикті қайта өңдеу – планетаға ауа қажет!» деген екі аталым бойынша өтті. Оған қаладағы 33 мектептің командалары қатысты. №45 гимназияның командасы ең үздік деп танылды. Ең үлкен 356 адамнан тұратын бұл команда 1 тонна 600 кг макулатура, 65 кг пластик жинаған.

Ирина Деева, №45 гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

- Мұндай байқаулар оқушылар мен ұстаздарды ғана емес, сондай-ақ ата-аналарды да біріктіреді. Енді бұл балалар өздеріне төмен сыныптарда оқитын оқушыларға қоқысты дұрыс жинауды үйретеді.

Байқау қорытындысы бойынша «Экомотивация», «Экоамбассадор», «Командалық рух», «Жас экологтар» сынды аталымдар бойынша жеңімпаздар марапатталды. Экоакцияда белсенділік танытқан №36 мектептің  командасы да «Пластикті қайта өңдеу – планетаға ауа қажет!» аталымы бойынша үздіктер қатарынан көрінді.

Санжар Төлегенов, №36 жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы:

- Осы акция бізді өз қаламызды, елімізді жинауға, тазалыққа үйретті. Пластик, газета, макулатураны жинайтын өз орындары бар. Содан оларды өңдеуге апарады.

Оқушылар барлығы 3,5 тонна макулатура мен 500 келіден артық пластик бөтелке жинады. Барлық қалдық қайта өңдеуге жіберілді.

Асқар Хамитов, қоқыс өңдеу зауытының менеджері:

- Пластмастан қақпақтар шығарамыз. Қалған макулатруа мен полиэтилен қалдықтар қайтадан өңдеуге жіберілді.

Мектеп командалары экологиялық шара барысында атқарған жұмыстарымен әлеуметтік желіде бөлісті. Барлығы 500-ден астам жазба жарияланған. «Бұл – адамдарды табиғатқа жауапкершілікпен қарауға шақыратын тиімді тәсіл», – дейді ұйымдастырушылар. Үздік насихат жұмыстары марапаттан тыс қалмады. Шара соңы концертке ұласты.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.