ШҚО кәсіпорындары экологиялық талапты орындамай отыр

Шығыс Қазақстан облысында тек 9 кәсіпорында шығарындыларды бақылайтын автоматтандырылған жүйе орнатылған. Ал қалған 15 зауыт пен фабрикада онлайн бақылау датчигі жоқ. Экологиялық кодекстің талабына сәйкес жылына 500 тонна зиянды қалдық шығаратын кәсіпорында экодатчик болуы керек. Құрылғыны келесі жылдың бірінші қаңтарына дейін орнату міндеттеледі.

Экологтардың айтуынша, Риддер қаласындағы жылу электр орталығы мен  Өскемендегі жылу қазандықтары және қалалық су арнасы мекемесінде бұл процесс бақыланбайды. Бұл мәселені Экология департаменті де көтеріп отыр. Міндеттемелер орындамаған жағдайда кәсіпорындарға 5 млн теңгеге дейін айыппұл салынады.

Азамат Тәуірбеков, ШҚО Экология департаменті басшысының м.а.:

- Автоматтандырылған мониторинг жүйелері негізінен біздің облыстың коммуналдық кәсіпорындарында орнатылмаған. Олар бұған жергілік билік өкілдері тарапынан қаржыландырудың жоқтығын айтып ақталады. Экологиялық кодексте коммуналдық кәсіпорындарға қатысты ерекшеліктер қарастырылмаған. Заң барлығы үшін ортақ.