Ұлытау облысындағы ірі кәсіпорындардың экологияға әсері тексеріледі

Ұлытау облысында 5 ірі кәсіпорынға ауаға тарайтын зиянды заттардың мөлшерін бақылайтын жүйе орнатылды. Енді олардың экологияға әсері жыл бойы үздіксіз тексеріледі. Ал Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын экологиялық апат аймағы деп тану мәселесі келесі жылы нақтыланады. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев өңір тұрғындарымен кездесуде айтты.

Бұдан бөлек, министрлік өңірді көгалдандыру жұмыстарына қолдау танытпақ. Алда Ұлытаудың климатына бейімделген 10 мың түп ағаш егіледі. Ерлан Нысанбаев сонымен қатар Жезқазғандағы ботаникалық баққа, қоқыс полигонына барды. Бұл Қазақстандағы ең ластаушы 50 кәсіпорынның құрамына енетін өндіріс. Жаңа Экологиялық кодекске сай кәсіпорынға біртіндеп жаңа технологияға көшу міндеті қойылған.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Көшпеген жағдайда ол жерде іс-шаралар қарастырылған. Ол 3 жыл сайын шығарындыларға төлейтін төлемдерінің көлемі көбейеді. Мысалы, бірінші үш жылда енгізбесе 2 есе, келесі 3 жылда енгізбесе 4 есе, келесі үш жылдан кейін 8 есе төлейді. Сондықтан мұның бәрі – экологияны қалпына келтіру, халыққа қолайлы жағдай жасауға арналған іс-шаралар.