Қызылордалық еріктілер тазалық акциясын өткізді

Қызылорда облысының Арал ауданында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында «Ардағым ардагерім» атты акция өтті, деп хабарлайды 24kz.

Шараға қатысушылар аудандағы қариялардың үй ауласын тазартуға атсалысты. «Осындай акциялар арқылы жас ұрпақ үлкенге құрмет көрсету, қоршаған ортаға қамқорлық жасау секілді құндылықтарды сезінеді», - дейді ұйымдастырушылар. Сонымен қатар Арал ауданының барлық мектебінде «Табиғатты аялайық!» тақырыбында сынып сағаты өтті. Ұстаздар қауымы оқушыларға табиғатты қорғау, суды, электр қуатын үнемдеу, қоқысты сұрыптау туралы ақпарат берді. Тазалық шарасы Қазалы ауданында да өтіп, «Таза қала өзіңнен басталады» тақырыбында, семинар-тренинг ұйымдастырылды.

Берік Сұлтаниязов, Арал аудандық жастар ресурстық орталығының директоры:

- Бұл шараға ауданның жастар ресурстық орталығы, сонымен қатар ерікті жастарымыз атсалысуда. Бүгін қарт ардагеріміздің үйін тазалау жұмыстары жүрді. Шарбақтарын тазаладық және ағаштарын тазаладық. Және бұл жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді.