Ақтауда студенттер Саура шатқалын қоқыстан тазартты
Ақтаулық студенттер Саура шатқалын күл-қоқыстан тазартты.
Бұл - жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында Маңғыстауда өткен кезекті тазалық шарасы. Таңсәріден бастау алған шаруаға 60-қа жуық адам қатысты. Демалыс аумағынан жиналған тұрмыстық қалдықтар түс ауа полигонға жеткізілді. «Түпқараған ауданында орналасқан көрікті мекенге қысы-жазы демалушылар барады. Табиғатты таза ұстау баршамызға ортақ міндет. Сондықтан өлке тұрғындары мен туристерді қоршаған ортаны аялауға үндейміз» - дейді жастар.
Аида Сәрсенбай, студент:
- Келесі жазға әдемі табиғатты одан сайын әдемі қылып көрсету үшін осында қоқыстарды жинаумен айналысып жатырмыз. Бізге өзіміздің Маңғыстау облысы өте қатты ұнайды. Біз оны аялап ұстағымыз келеді. Саурамен ғана шектелмей басқа да жерлерді алып Бозжыра немесе Шерқала бар, өзіміздің теңіз жағасын барлық жерлерді тазалау керек деп ойлаймын.