Көкжиде жерасты су қорының жойылып кету қаупі бар

Ғалымдар батыс аймақтағы 3 облысты ауызсумен қамтамасыз етуге қауқарлы Көкжиде қорының жойылып кетуі мүмкін деп алаңдайды. Қазір сол маңда 5 компания мұнай өндіріп отыр, деп хабарлайды 24kz.

Экологтардың пікірінше, өндірістік апат орын алса, тұщы су ішуге жарамсыз боп қалады. Бұл мәселе жауапты сала өкілдері бас қосқан ғылыми-технологиялық сессияда талқыланды. Шараға эколог-ғалымдармен қатар сарапшылар, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Су ресурстары және ирригация министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Энергетика министрлігі өкілдері қатысты.

Анарбек Дәулетияров, Инженерлік экология магистрі:

- 2022 жылғы өлшем бойынша жалпы Көкжиденің көлемі үлкейді. Жерасты суы қорының көлемі анықталды. Сол анықталған ауданда қазіргі таңда 150-жуық мұнай газ бұрғылау қондырғылары қалып қойып отыр. Ендігі мәселе сол құрылғылардың жұмысын тоқтату. Егер алдағы уақыта ең болмағанда бір құрылғыдан мұнай-газ өнімдерінің төгілуі орын алатын болса, онда біз жаңағы айтқан 1,5 млрд текше метр таза су көзін жоғалтып алуымыз мүмкін.

Көкжиде бойында тізілген ұңғымыларды қауіпсіз әдіспен жер бетіне шығару қажет. Геоэкологиялық және гидрогеологиялық зерттеулер жүргізген Сәтпаев атындағы университет ғалымдары осындай шешімге келген. Оны іске асыру жолдарын ғалымдар мен өндіріс инженерлері бірлесе талқылауы тиіс.

Дархан Ахмед-Заки, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:

- Қыркүйек айынан бастап индустриалды РНД деген ұғымды енгізіп жатырмыз. Нәтижесінде сол кәсіпорындардың ішіндегі ғылыммен айналысқысы келетін жастар болатын болса, сол ғылыми нәтижелердің шешкен инженерлік нәтижелерді кейін қорғауға ұсыну. Осының бәрі түбегейлі ғылым мен өндірістің арасындағы байланысты арттырады.