Жетісайда жалпықалалық экоакция өтті
Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында бүгін Түркістан облысының Жетісай қаласында жалпықалалық тазалық шарасы өтті, деп хабарлайды 24kz.
Ауқымды іске қалалық ардагерлер қауымдастығының мүшелері, мемлекеттік қызметшілер, қоғамдық ұйым өкілдері, қала тұрғындары мен жастар атсалысты. Табиғат жанашырлары облыстық, аудандық маңызы бар жолдар мен ішкі көшелердің бойын күл-қоқыс пен тұрмыстық заттардан тазартты. Көміліп қалған арық-атыздар батпақтан аршылып, қураған шөптер шабылды. Акцияға мыңнан астам адам, 13 техника жұмылдырылып, 10 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Шара басталғалы бері облыстағы тазалық жұмыстарына 300 мыңнан астам адам қатысып, 1 млн-ға жуық көшет отырғызылды.
Болат Датқаев, қала тұрғыны:
- Бүкіл қала тұрғындары көшеге шығып, «Таза Қазақстан» акциясына сай барлығы атсалып жатыр. Әркім өз ауласын, өз көшесін таза ұстаса, еліміз, Қазақстанымыз жайнап, таза болады. Бүгін ауламызды, көшемізді тазалап, өте керемет бір жақсы іс-шара өтіп жатыр. Барлық тұрғындарды осыған шақырамын.