Қарағандыда жабайы аң-құстарды қолдан қоректендіру күшейтілді
Қарағандылық орманшылар мен экобелсенділер жабайы аң-құстарды қолдан қоректендіру жұмыстарын күшейтті, деп хабарлайды 24KZ. Қазір орман шаруашылықтарының мамандары бұғы мен елікке, арқар мен қоянға күнделікті жемшөп шашып жүр. Бұл түз тағыларының қыстан аман шығуына сеп болмақ. Бұған қоса экобелсенділер мектеп оқушыларымен бірлесіп, қала ішіндегі ағашы қалың аумақтарда құс ұялары мен жем салатын астаулар іліп жатыр.
Экобелсенді Сәкен Келдібаев қарашаның қара суығы түскен кезде қала тұрғындарына «Құстарға қамқорлық» акциясын өткізу туралы үндеу жасаған. Мемлекеттік мекемелер, мектептер мен еріктілер тарапынан акция қолдау тауып, 100-ден астам адам атсалысқан. Бүгінгі күні қаладағы ағашы көп аумақтарда 60-тан астам құс ұялары мен жем салатын астаулар ілінді.
Сәкен Келдібаев, қала тұрғыны:
- Мақсатымыз – осы құстарды қыстан аман алып шығу. Өйткені азықтары қардың астында қалып қойды. Көктемге дейін аман шығару. Құстар біздің ертең ағаштарды зиянкестерден қорғайды. Ол үшін құстарға қамқорлық керек. Құстар – біздің табиғатымыздың мүшесі.
«Құстарға қамқорлық» акциясы Күнгей ықшам ауданындағы №26 мектепте де қолдау тапты. Білім ошағындағы «Жасыл мектеп» клубының мүшелері құстарға ұялар мен жем салатын астауларды жасады. Оқушылар өз қолдарынан шыққан дүниені мектеп ауласына ілді.
Данияр Әкімжанов, қалалық №26 жалпы білім беретін мектептің оқушысы:
- Біз еңбек сабағында құстарға жем салатын астаулар мен ұяларды жасадық. Мен де өз қолыммен жасаған астауды ілмекшімін. Қоршаған ортаға әр адам қамқорлықпен қарауы тиіс. Біз, клуб мүшелері, үнемі осындай түрлі акцияларға қатысып жүрміз.
Қазір өңірге қарасты үш орман шаруашылығы мен екі ұлттық парк аумағында да аяздың күшейуіне байланысты жабайы аңдар мен құстарға жемшөп шашу жұмыстары атқарылып жатыр. Соның арқасында арқарлар мен бүғылар, еліктер мен қояндар Арқаның алты ай қысында аштықтан қырылмай аман шығады. Қарағанды орман шаруашылығының мамандары да жабайы аң-құстардың қысқы азығына деп 20 тоннаға жуық шөп пен 5 тоннаға жуық жем және өзге де қоректік заттарды дайындаған.
Бахтияр Хасенханов, Қарағанды орман және жануарлар әлемін қорғау шаруашылығының инспекторы:
- Аңдарға, қояндарға шөп, жем, тұз, қайың сыпырғыштарын әкеліп, осы араға орналастырдық. Апта сайын осы жерлерге келіп, жемі мен шөбін толтырып қойып отырамыз.
Бұған қоса орманшылар тоғайға 100-ден астам астау ілді. Енді күнделікті құстарға жем салынып отырады.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.