Астанада AQJAIYQ энциклопедиялық фотоальбомы таныстырылды

Астанада Жайық өзеніне арналған AQJAIYQ энциклопедиялық фотоальбомының таныстырылымы өтті. Кітап «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» компаниясының қолдауымен жарыққа шықты. Фотоальбом Жайық өзенінің бірегей экожүйесін көрсетіп, жан-жануарлар дүниесімен таныстырады. Онда қазақстандық және шетелдік фотографтардың жұмыстары енді.

Фотоальбомды құрастыруға бес жыл бұрын Каспий Құбыр консорциумының қолдауымен ұйымдастырылған экспедиция негіз болды. Шетелдік ғалымдар, сарапшылар мен фотографтар Жайық өзені бассейнінің экожүйесін зерттеген. Сол экспедициядағы ақпарат альбомға жиналған. Сондай-ақ кітапқа 2024 жылы көктемде болған су тасқынының салдарын көрсететін деректі фотолар да қосылған.

Ерболат Шадрахов, кәсіпқой фотограф:

- AQJAIYQ энциклопедиялық фотоальбомына 20 шақты суретім кірді. Мысалы, бұл сурет Атырау облысында, Ақжайық мемлекеттік резерватында түсірілген. Осы сияқты бұл Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр жерде, Ақжайық резерватында. Мен негізінен осы жануарлар мен құстарды түсіремін.

Жайық – еліміздің ең ірі су ресурстарының бірі. Ресейден бастау алатын өзеннің жалпы ұзындығы 2,5 мың шақырым болса, соның 1000 шарымнан астамы Қазақстан аумағынан өтеді.

Қайыргелді Қабылдин, «КҚК-Қ» АҚ бас директорының Қазақстан Үкіметімен байланыс жөніндегі орынбасары:

- Экспедицияның есебі ретінде бүгінгі осы альбом шығып жатыр. Сол бассейнде 100-ден астам аң бар, құс бар, балық бар. Зерттеушілердің материалдары түгел осы кітаптың ішіне сыйды. Болашақта бұл кітап колледждерге, университеттерге, кітапханаларға таратылады.

AQJAIYQ – Каспий Құбыр консорциумының демеушілігімен жарық көрген екінші ғылыми-танымдық басылым. Бұған дейін AQBÓKEN атты фотоальбом басылып шыққан. Кітап киік популяциясын сақтау және көбейту бағдарламасының бір бөлшегіне айналды.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Абдулхамит Бөлекбаев.