Түркістанның туризм басқармасы өзбекстандық демалыс аймағымен ынтымақтастық орнатты
Түркістан облысының туризм басқармасы өзбекстандық «Заамин» демалыс аймағымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды 24KZ. Құжат екі елдің саясат саласындағы әлеуетін арттырып, мәдени байланыстарын нығайтады. Кездесу Жизақ облысында өтті. Өзбекстанда шекаралас өңір жетекшілері бас қосып, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық мәселелерді талқылады.
Түркістандық 50-ге тарта кәсіпкерден жасақталған топ Жизақтың әуелі өндіріс орындарын аралады. Өңірде бұл сала қарқынды дамып келеді. Еркін экономикалық аймақта ондаған кәсіпорын құрылған. Соның бірі – «Киа», «Лада», «Чери» көліктерін құрастыратын зауыт. Ресей және Кореядан жеткізілген қондырғылармен жұмыс істеп тұр. 2020 жылы іске қосылып, алғашқы кезеңінде 25 мың көлік жасап шығарылған.
Карим Турсунов, дәнекерлеуші:
- Бұл жерде жұмыс істеп жатқаныма 1,5 жыл болды. Аса қиын емес. Кәдімгі маманға айналдық десем болады. 5-5,5 млн сом айлық аламыз. Қосымша сыйақымыз тағы бар.
Зауытқа жалпы сомасы 226 млн доллар инвестиция құйылған. Қазір мұнда жергілікті 2700 тұрғын еңбекпен қамтылып отыр. Ал өңірдің азық-түлік өнімдерін сақтау мен өңдеу кешенінде бар болғаны 50 адам жұмыс істейді. Есесіне Жизақ шаруалары жыл бойы өндірген көкөніс пен жеміс осы жердің тоңазытқышында сақталып, арнайы тауар белгісімен экспортқа жөнелтіледі. Жобаны ресейлік компания қаржылындырған.
Мансұр Мусаев, логистикалық орталықтың атқарушы директоры:
- Бір терезе қағидасы бойынша қызмет көрсетеміз. Кедендік бекетіміз құрылған. Зертхана жұмысы да қарастырылған. Экспорттаушылар осы жерден өнімін еш кедергісіз шетел асыра алады.
Биыл Түркістан мен Жизақ облыстары сауда-экономикалық қатынастарды тереңдетуге бағытталған меморандумға қол қойды. Соның аясында іскер топ өкілдері нарық мүмкіндіктерін жан-жақты саралауға көшкен. Бір ерекшелігі, мұндай сапар екі елдің байланысын дамытып қана қоймай, тәжірибе алмасуға қолайлы жағдай жасайды. Айталық, көршіміздің агро саладағы жобаларын бағамдап, кейін оны біздің елде іске қосуға мүмкіндік туады.
Қанат Шоңбасов, Түркістан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары:
- Түркістан мен Жизақ облыстары арасында бауырластық меморандумы бар. Соның аясында біраз нәрсеге қол жеткіздік. Бірлескен жобаларды іске қосу жоспарымызда бар. Бірлесе турпакеттер, бағыттарды ашуға уағдаластыққа қол жеткізіп отырмыз.
Өңір басшылығы делегация мүшелерімен арнайы кездесу өткізді. Оған біздің ел тарапынан дипмиссия жетекшісі Бейбіт Атамқұлов пен Түркістан облысы әкімдігінің өкілдері және аудан басшылары қатысты. Қос тарап өзара сауда айналымын ұлғайтуға ниетті екенін жеткізді. Ол үшін облыстарда өндірілетін тауар тізбесін әзірлеу, іскер топтардың байланысын нығайту және автобус қатынасын іске қосу бастамасы көтерілді.
Серік Мамытов, Жетісай ауданының әкімі:
- Түркістан облысынан 50 кәсіпкер келіп отыр. 2 күн бойы инвестициялық жобалармен таныстық, мүмкіндіктерін сараладық. Жизақтың өндірістік әлеуетіне куә болдық. Бастысы тараптар арасында тәжірибе алмасу міндеті орындалды.
Жалпы түркістандық кәсіпкерлердің бұл сапары тікелей экономикалық байланыстарды дамытуға тың серпін береді. Қазірдің өзінде оған игі ықпал ететін бірқатар келісім бар. Соның бірі – Түркістанның туризм басқармасы мен «Заамин» демалыс аймағы арасында жасалған ынтымақтастық жөніндегі меморандум. Бұл құжат өзбекстандық саяхатшыларды киелі Түркістанға, ал біздің ел туристерін Жизақтың таулы курорттық аймағына жөнелтуге жол ашады.
Авторы: Рауан Мыңбаев.