Бейнеудегі «Ғашықтар» аллеясы қоқыстан тазартылды
Маңғыстау облысы Бейнеу ауылының еріктілері «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын ұйымдастырды, деп хабарлайды 24kz.
Белсенді жастар мен «Amanat» партиясының жергілікті филиалының мүшелері «Ғашықтар» аллеясын қоқыстан тазартты. Табиғат жанашырлары қураған шөп пен сынған бұталарды шауып, саябақ аумағын ретке келтірді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар былтырдан бері тұрақты өткізіледі. Өңірдегі көрікті жерлер мен киелі орындардың тазалығы белсенділердің әркез бақылауында.