Павлодар облысында орманшылар жабайы аң-құсқа жем-шөп салатын орын дайындады
Павлодар облысында орманшылар жабайы аңдар мен жануарларға жем-шөп салатын орындар дайындап жатыр.
Бұл жұмыс биыл жылдағыдан ертерек басталды.
Қар қалың түсетін қаңтар, ақпан айларында ашыққан жануарлар көктемге дейін әлсіреп қалады - дейді мамандар. Биотехникалық шараларды Ертіс орманы табиғи резерваты да қолға алды.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Біз облыс орталығынан бірнеше шақырым ғана жерде тұрмыз. Бұл жерде жабайы аңдардың ізі өте көп. Қоян, қабандар кездеседі. Сол сияқты елік, бұландар жайылады. Қар қалыңдаған сайын олардың қорек табуы қиындай түседі. Сол кезде орманшылар көмекке келеді.
Орманшы Қанат Бағжановтың жұмыс күні өзіне тиесілі аумақты шолудан басталады. Биыл орманда шөп көп. Жабайы жануралар әдетте тұзға келеді. Қала маңын мекендейтін еліктер көліктің шуына да, адамдарға да үйреніп алған. Қас қарая топ-тобымен шығады екен.
Қанат Бағжанов, орманшы:
- «Павлодар орманшылығы бойынша 50-ге жуық жем-шөп салатын оттықтар орнатылды. Оның үстіне Ертіс өзенінің қойнауында шөп жақсы шықты. Соған қарамастан жем-шөп жеткізіп жатырмыз.
Павлодар орманшылығында еліктердің саны 500-ден асады. Суық түсе «Ертіс орманы» табиғи резерватының орманшылары да арнайы алаңдарға ағаш сыпырғыштарды, шөп және дәнді-дақыл мен минералды қоспаларды тасиды. Мұндай шара қалың қардан азық таба алмай қиналатын тұяқты жануарлар үшін өте маңызды.
Жасқайрат Қайкен, орманшы:
- Биотехникалық жұмыстардың барысында тұяқты жануарларға қысқы уақытта азық салу барысындамыз. Жалпы әр аңшылықтанушылар осындай қысқы азықтарды арнайы орындарға салады. Жем-шөп дайындаймыз. Тұяқты жануарлардың ішінде ешкі бар, қоян түлкі, қарсақ, жабайы мысықтар бар.
Ертіс орманы табиғи резерватында орманшылар фототұзақ құрады. Ол ормандағы жабайы аңдардың түрлерін анықтауға мүмкіндік береді. Ағашқа орнатылған арнайы құрылғыға елік, бұлан ғана емес қоян, түлкі, сілеусін сияқты ұсақ аңдар да түседі.
Қайыржан Әділбаев, "Ертіс орманы" табиғи резерватының бас аңшылық танушысы:
- Фототұзақты біз жаз мезгілінде суаттардың маңайына қоямыз. Көбіне лақтарын ертіп бұландар келеді. Орманда елік көп.
Биыл «Ертіс орманы» табиғи резерватында сілеусіннің өсімі байқалады. Олардың саны 75-ке жеткен. Мамандар мұны резерваттың экожүйесінің жақсаруымен байланыстырады. Соңғы жылдары жыртқыш аңдардың негізгі қорегі бұлан, елік, жабайы ешкілердің саны артыпты. Орманшылардың айтуынша жыртқыш аңдардан адам өміріне қауіп жоқ.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев