Қазақстанда 2030 жылға қарай су шығыны 30% азаяды
Елде 2030 жылға дейін 40-тан астам су қоймасы салынады, деп хабарлайды 24kz.
Соның арқасында жыл сайын қосымша 2,6 текше шақырым су жинауға мүмкіндік туады. Дегенмен судың да сұрауы бар деген. Жаңа Су кодексінде осы көл-көсір байлықты үнеммен пайдалануға баса көңіл бөлініп отыр. Ол үшін елде су үнемдеу технологияларын жеделдетіп енгізуге күш салынбақ. Мәселен, енді осы технологияны енгізген диқандарға берілетін субсидия көлемі 50%-тен 85%-ке көтерілді. Жалпы су үнемдеу бағытында қандай жұмыстар қолға алынған? Үкімет қолға алған ынталандыру тетіктері қаншалықты тиімді болмақ?
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Иә, диқандарды ынталандыру мақсатында Үкімет субсидия көлемін ұлғайтып отыр. Ол үшін 2026 жылға дейінгі жол картасын бекітті. Жоспарда 39 іс-шара бар. Құжатта цифрландыру, су нысандарын есепке алу және жабдықтау жүйелерін жаңғырту көзделген. Соның ішінде су үнемдейтін технологияларды енгізген шаруалар суармалы суға аз төлейтін болады. Яғни, оларға 85%-ке дейін субсидия төленеді.
Жалпы қазір ел көлемінде 470 мың гектар аумақта су үнемдеу технологиясы қолданылады. Былтыр 70 мың гектар егіс алқабына енгізілді. Жауапты министрлік 2030 жылға қарай республикадағы суармалы жерлердің жартысынан астамын қамтуды жоспарлап отыр. Сол арқылы жылына 2 текше шақырымнан астам су үнемделмек. Бүгінде тиісті жұмыстар басталып кетті.
Ғалымжан Қамбарбеков, ҚР СРИМ Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті басқармасының бас сарапшысы:
- Су үнемдеу технологияларын осы ауыл шаруашылығында пайдалану арқылы Қызылорда биылға осы су үнемдеу технологияларын пайдалану жүргізілгендіктен, 200 млн-ға су үнемдеу болды, 200 млн кубқа дейін су үнемдеу көтерілді бізде. Сондай жұмыстар атқарылып, біздің барлық өңірлерде ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын, жаңбырлатып суару дейміз, сонымен қатар жаңағы тамшылатып суару технологиялары бар, соларды пайдалануды ынталандыруға жұмыстар атқарылып жатыр.
Үнемдеу технологиясы 2030 жылға қарай суармалы алқап көлемін 1 млн 300 мың гектарға жеткізуге жол ашады. Соған сәйкес су қоры 20-30%-ке дейін үнемделмек.
Көктемгі қар суын да кәдеге жарату мәселесі бүгінде өзекті тақырыпқа айналды. Осы мақсатта 6 жылда 2,6 текше шақырым су сыятын 42 су қоймасы тұрғызылады. Және сыйымдылығы 2 текше шақырым болатын 30 су қоймасы мен 14 450 шақырым канал жөнделеді. Каналдарды бүтіндеу арқылы тасымалдау кезіндегі су шығыны 30%-ке дейін азаяды. Мамандардың айтуынша, судың басым бөлігі тасымалдаған кезде рәсуә болады.
Ғалымжан Қамбарбеков, ҚР СРИМ Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті басқармасының бас сарапшысы:
- Дәстүрлі каналдармен суару жүйесін азайтуды, яғни, каналдардың өзінде бізде су жоғалту мөлшері өте жоғары. Яғни 40%-ке дейін, одан да жоғары су жоғалтуы мүмкін. Ал үнемдеуші технологияны пайдаланған кезде ол едәуір бізде судың жоғалуын, шығынды азайтамыз.
Су саласындағы тағы бір маңызды мәселе – маман. Қазір елде су маманы тапшы. Су ресурстары және ирригация министрлігінің болжамы бойынша алдағы 5 жылда жоғары білікті 800 маман қажет болады. Қазір елдегі 9 жоғары оқу орны маман даярлайды. Жылына «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандығы бойынша 200 адам диплом алады. Алайда олардың тек 22%-і ғана мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Себеп – жалақы төмен. Және жұмыс берушілердің өзі оқуды жаңа бітірген жас түлекті жұмысқа алуға құлықсыз. «Мәселені шешу үшін жалақыны көбейту қажет», - дейді сарапшылар.
Құралай Яхияева, сарапшы:
- Қазіргі таңда не топырақ маманы жоқ, су маманы жоқ шаруа қожалықтары көп. Себебі жаңағы шағын шаруа қожалықтары ондай мамандарға жалақы төлеп бере алмайды. Сондықтан олар жоқ. Сондықтан ол мамандар болуы үшін оларға жалақы төлейтін қабілеті болуы керек. Енді менің ойым, Үкімет тарапынан қазіргі уақытта қалыпқа түскенше шаруа қожалықтарына осындай мамандарды субсидиялап, айлығын төлеп берсе, ол мамандар барар еді де, бұл жұмысты жасар еді.
Әрине, жауапты министрлік те қарап отырған жоқ. Былтыр су саласындағы қызметкерлердің жалақысы орта есеппен 25%-ке өсті. Барлығы 7 мыңға жуық адамның табысы артты. Биыл да жалақы көтерілуге тиіс. Сондай-ақ маман даярлауда сапаға айрықша назар аударылады. Мәселен биылдан бастап су мамандары «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алады. Министрлік мамандарды АҚШ пен Аустралияға оқуға жіберу үшін тиісті келісімдер жасады. Бұдан бөлек, шетелде өндірістік тәжірибеден өтуге жол ашылды. Мысалы, биыл 100-ден астам су саласының қызметкері Қытайда арнайы оқуларға қатысады. Әлбетте, мамандарымыздың тәжірибесін толықтырғаны өзімізге жақсы. Себебі бізге Президент тапсырған міндеттерді орындау үшін білікті кадр ауадай қажет.