Кіші Арал теңізінде балықтың тіршілігіне қолайлы жағдай бар
Былтыр Арал теңізіне 2,6 миллиард текше метр су құйылды, деп хабарлайды 24KZ. Оның 1 миллиардқа жуығы егін суару кезеңінде берілді. «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының мәліметі бойынша теңіз суының тұздылығы төмендеген. Қазір балықтың тіршілігіне қолайлы жағдай бар.
2022 жылы Кіші Аралға небәрі 816 миллион текше метр тіршілік нәрі жіберілген еді. Сол уақытта су көлемі айтарлықтай азайып, тұздылығы бір литрге 11 миллиграмға дейін артқан. «Су ресурстары және ирригация министрлігінің трансшекаралық өзен бойынша көрші елдермен су бөлуге қатысты соңғы жылдардағы келіссөздер оң нәтиже берді», – дейді мамандар.
Зейнулла Қазтоғанов, «Арал-Сырдария» бассейндік инспекция басшысының м.а.:
- Негізгі 27 миллиард текше метр су жиналған кезде Балтық жүйесі бойынша судың деңгейі 42 метр болу керек. Ал бізде 2022 жылы 40 метр 42 сантиметрге түсіп кетті, сол кезде ішіндегі судың көлемі 18 миллиард 500 миллион текше метр су болған. Содан бері қазіргі таңда ішінде 22 миллиард 150 миллион текше метр су бар қазір жинақталған, кіші теңізде. Судың деңгейі 41 мтерде тұр.