ШҚО-да ауаның ластануы жайлы бірыңғай деректер қоры құрылады

Шығыс Қазақстан облысында атмосфераға шығарылған зиянды заттардың көлемі туралы бірыңғай деректер қоры құрылады, деп хабарлайды 24KZ. Сол арқылы экологтар Өскемен қаласының ластану деңгейін анықтап, экологиялық картасын жаңартады. Мамандар көліктерден, кәсіпорындардан және тұрғын үйлерден шығатын түтін мөлшерін анықтайды. Табиғатты қорғау жұмыстарына 3 млрд теңгеден аса қаржы жұмсалмақ.

Шығыс Қазақстан облысындағы мемлекеттік мекеме қызметкерлері, экологтар мен қоғамдық бірлестік өкілдері ауаның ластану деңгейін есептеп жатыр. Олардың мәліметінше, қаладағы металлургиялық кешендер мен жылу электр станциясы атмосфераға жылына 55 мың тонна зиянды заттарды шығарады. Ал тұрғын үйлер 250 мың тонна көмір жағып, 14 мың тонна күл шығарады. Қалыптасқан экологиялық ахуалды арнайы комиссия сараптайды.  

Дәулет Асанов, эколог:

- Бұл комиссияның жұмысы – бірінші кезекте арнайы экологиялық бағдарламаларды іске асыру үшін ақшаны бөліп, сол жерге жіберу. Ол облыс әкімшілігінен шығарылатын ақшалар. Екіншіден, қала бойынша эмиссиялардың инвентаризациясын жасау. Қалада қанша отын жағып жатқанын қарап, одан кейін үлкен эмиссия көздерімен жұмыс жасау.  

Өскеменнің өндірістік аймағында атмасфераны ластайтын үш ірі кәсіпорын бар. Сол зауыттардың жанына ауа құрамын анықтайтын бірде-бір құрылғы орнатылмаған. Енді осы олқылықтың орны толтырылып, тәулік бойы жұмыс істейтін қондырғылар қойылады. 

Азамат Тәуірбеков, облыстық Экология департаменті басшысының міндетін атқарушы:

- Нақты қай кәсіпорыннан зиянды заттардың шығып жатқаны және де ол зиянды заттар шекті рұқсат етілген констракциядан асып кеткен жағдайда Экология департаменті қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті жоспардан тыс тексерісті нақты бақылау субъектісіне тағайындайды.

Биыл аймақтағы кәсіпорындар ауаны ластағаны үшін 3,5 млрд теңге төлейді. Қаржының мақсатты жұмсалуын қоғамдық ұйым өкілдері қадағалайды. Олар Экология департаментіне жылжымалы зертхана керектігін және заманауи бақылау құрылғыларын алу қажеттігін айтып отыр.

Елена Березинская-Абилова, қоғамдық бірлестік жетекшісі:

- Қаражат қоғамдық ұйым өкілдері, белсенділермен ақылдаса отырып жұмсалады. Қаржының бөлінісінен бастап, ірі кәсіпорындарды тексеруге дейінгі жұмыстың барлығы ашық әрі қоғам бақылауында болады. Мәселен, бүгін «Қазцинк» кәсіпорнына 40 адам бардық.

ШҚО-да ақпан айына дейін табиғатты қорғау шараларының жоспары жасалады. Соған сәйкес бірінші кезекте шұғыл қолға алынуы тиіс жобалар қаржыландыралады.

Жалпы еліміздегі экологиялық жағдайды жақсарту үшін арнайы нормативтік құжат әзірленіп, сенат депутаттарының қарауына ұсынылды. 2029 жылға дейін Қазақстандағы ауа сапасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының көрсеткіштерімен теңестіру көзделген. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Вячеслав Ветлугин, Жігер Бабаханов.