Сәтбаевтағы қара қар: депутаттар экология мәселесін талқылады
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов пен бір топ депутат Ұлытау облысына жұмыс сапары аясында Жезқазған және Сәтбаев қалаларының тұрғындарымен кездесіп, экология мәселесін талқылады, деп хабарлайды 24KZ. Мәжіліс спикері атап өткендей, Сәтбаевтағы экологиялық мәселелердің басты себебі – көмір сапасы мен жылу электр станциясындағы фильтрлердің нашар жұмыс істеуі.
Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының бұл жағдайдан хабардар екенін және қаланың экологиясын ластаудың жүйелі себептерін жою үшін кешенді тексеру жүргізуді тапсырғанын атап өтті. Ерлан Қошанов облыс әкімдігі мен «Қазақмыс» компаниясының өкілдеріне жағдайды жақсарту және экологиялық проблемаларды, соның ішінде Сәтбаевтағы жылу электр станциясын газға көшіру бойынша кешенді шараларды шұғыл түрде қабылдау туралы талап қойды. Палата спикері Жезқазғанды ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін жерасты су көздерін пайдалану арқылы екі су құбыры, Есқұла және Үйтас-Айдос су жүйелері есебінен шешу жоспарланып отырғанын атап өтті.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Мемлекет басшысы Үкіметке тапсырма берген осы Сәтбаевтағы жағдай бойынша. Мемлекет басшысы оны біледі. Сондықтан кешенді тексеру жұмысын жүргізу керек. Сол тексеріс жұмысының нәтижесінде тиісті шешімдерді қабылдау керек. Осы 2-3 жылдан бері экология жағдайы күрделеніп кетті бұл жерде. Қара қар ауамен адам ағзасына да кіріп жатыр. Ал енді ең негізгі мәселе – ол газға көшу. Осы мәселелерден газ келсе арыламыз. Мұның барлығы депутаттардың бақылауында болады.