Маңғыстауда заңсыз қоқыс тасталған 69 орын анықталды

«Таза Қазақстан» эконауқаны аясында былтыр Маңғыстау өңірінде ұзақ жылдар стихиялық күл-қоқыс тасталған 69 орын анықталды, деп хабарлайды 24KZ. Жерсеріктің көмегімен табылған заңсыз қоқыс алаңдарының 60-ы толық тазаланды. Қалғанында жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Бұл туралы экологтар студенттермен кездесуінде мәлімдеді.

Айта кетсек, өткен жылы облыс бойынша жалпыұлттық тазалық акциясына 168 мыңнан астам адам өз үлесін қосты.

Есенқос Әділбаев, облыстық Экология департаментінің аға инспекторы:

- Шамамен 1700-дей техника жұмылдырылып, 27 мың тонна қоқыс шығарылды. Яғни тазартылды. Бұрыннан келе жатқан, алынбай жатқан қоқыстар қазір арнайы мамандандырылған жерге тапсырылып, жою жұмыстары жүргізілді. Енді алдағы жұмыстар осылай жалғасады, осымен тоқтамаймыз. 

Ділназ Рымбаева, студент:

- Ата-әжемнің қолында өстім. Солар қоршаған ортаны қаншалықты таза ұстау маңызды екенін миға жақсылап құйды. Ең алдымен болашақтағы жастардың қоғамға жақсы әсерін, экологиялық тазалықты сақтауын, білімі болуы ата-анадан басталуы керек. Ата-ана оларға үлгі көрсетуі керек. Соның арқасында қоршаған ортаны ластамай, Қазақстанды, жерімізді жақсы күйде ұрпақтан ұрпаққа қалдыра аламыз.