Жетісулық оқушылар орман қорын молайтуға атсалысады
Жетісу облысында орман қорын молайту жұмыстарына мектеп оқушылары жұмылдырылып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы игі шара Кербұлақ ауданының Басши ауылында өтті. «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ұжымы ұйымдастырған шарада жеткіншектер шаған ағашының 200 тұқымын септі. Алдағы уақытта олар алма және қараған ағашының тағы 400 дәнін отырғызады.
Тәжірибелік сабақта оқушыларға ағаш тұқымының қалай алынатыны және қандай күтім көрсету керектігі түсіндірілді. Парк қызметкерлері енді ауылдық округтегі үш мектептің басшылығымен бірге «Мектеп орманшылығы» жобасын жүзеге асырмақ.
Ақерке Әлімбайқызы, Райымбек батыр атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы:
- Оны өскенге дейін күтіп-баптаймыз. Өскеннен кейін сыртқа шығып, оны егеміз. Сол арқылы біз өз ауылымыздың табиғатын көркейтеміз, экологиясын тазартамыз.
Адай Омархан, «Алтын-Емел» МҰТП бөлім басшысы:
- Қазіргі уақытта «Таза Қазақстан» акциясының жоспарын бекіттік. Ол жерде 16 іс-шара жоспарланған. Конференция тренинг, қоқыс тазалау, су айдындарын тазалау, құстар күні, жер күні деген сияқты 16 іс-шараның жоспарын бекітіп қойдық. Бір жылда нәтижелі жұмыс істейміз деп ойлаймын.