Павлодар облысында «Жасыл орман - жас ұрпақ» ауқымды экоакциясы басталды
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы мектеп оқушылары арасында қызығушылық тудырып отыр.
Сондықтан Павлодар облысында «Жасыл Орман -Жас ұрпақ» кең ауқымды экологиялық акциясы басталды. Оған жеті мыңдай оқушы қатысады.
Биыл «Ертіс орманы» табиғи резерваты мектеп оқушыларымен бірлесіп бес мыңдай қарағай тұқымын егуді жоспарлап отыр. Экологиялық акция Қарақала ауылындағы мектептен бастау алды. Орманшылардың жетекшілігімен оқушылар пластикалық 200 ыдысқа қарағай тұқымын отырғызды.
Арайлым Атығаева, "Ертіс орманы" табиғи резерваты экология және туризм бөлімінің маманы:
-Бұл акцияға жалпы саны 7 мыңнан астам адам қатысады деп жоспарлануда. Бүгінгі күні Аққулы ауданы Потанин орта мектебінде акцияның бастамасы өтіп жатыр. Бұл акция Шарбақты ауданы мектептерінде де жалғасын табады.
«Ертіс орманы» табиғи резерваты «Таза Қазақстан» республикалық акциясын өткізудің бір жылдық жоспарын жасады. Жоба шеңберінде оқушыларға кәсіби бағдар беріп, орманшылыққа баулиды. Аққулы ауданы бойынша 15 мектеппен тығыз байланыс орнаған.
Бибігүл Нұрғазина, биология пәнінің мұғалімі:
-Көктемде біз мектептің алдында тәжірибелік алаң ашып, алаңға көшеттерді отырғызып, ары қарай бұл жұмысты жалғастырамыз. Сол тәжірибелер оқушылардың табиғатқа деген құштарлығын оятады. Туған жерін көркейтеді. Экологиялық білімдерін кеңейтеді.
Күтімі дұрыс болса тұқымынан өсіп шыққан көшеттер бір жарым жылдан кейін ашық алаңға отырғызылады. Орманшылар сонымен қатар қарағай тұқымы қалай жиналатыны жайында кеңінен мағлұмат берді.
- Күзді күні бүршік тереміз. Бүршікті кептіріп, 45-60 градуста ұстаймыз, ол ашылады сосын тұқымы түседі.
Қарақала ауылындағы Потанин орта мектебінде осыдан бес жыл бұрын флористика клубы құрылған. Оқушылар экзотикалық гүлдердің түр-түрін өсіреді. Он бірінші сынып оқушысы Сәбина Айғожина оларды зерттеумен айналысады. Ғылыми жоба да қорғаған.
Сәбина Айғожина, оқушы:
- Бес жыл ішінде біз өте көп гүл өсірдік. Аптасына бір рет суарамыз. Егер гүліміз солып, ауырып қалса жапырақтарын сүртіп, тазалаймыз. Өз қолымызбен өсірген гүлдеріміз мектептің сәнін келтіріп тұрғаны қуантады.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Экологиялық акцияға ниет білдірген әрбір адам қатыса алады. Яғни қарағай көшетін егіп, орман қорын ұлғайтуға үлес қосуға облыс тұрғындарының бәрінің мүмкіндігі бар.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков